NoFake

Елде жұмыс орны тапшы ма, болашақта қандай мамандықтар жойылуы мүмкін: министр жауабы

Фото: Ukimet

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Қазастандағы жұмыс тапшылығы және болашақта жойылуы мүмкін мамандықтарға тоқталды, деп хабарлайды Nofake.kz.

Елде қанша адам жұмыспен қамтылған?

«Елде жұмыс күшінің саны — 9,8 млн адам. Оның ішінде жұмыспен қамтылғаны — 9,4 млн. Жұмыспен қамту деңгейі 96%. Cонымен бірге еңбек нарығында жұмысшы мамандықтарға тұрақты сұраныс артқан. Электрондық биржа нарығында бос жұмыс орындарының жартысынан астамы жұмысшы мамандықтар екенін атап өткім келеді», — деді ол.

Бұл ретте министр негізгі міндет кадр даярлауда сұранысты қалыптастыру ғана емес, экономиканың ағымдағы және перспективті қажеттіліктеріне сұраныстарын қамтамасыз ету екенін атап өтті.

«2035 жылға дейін экономиканың кадрларға қажеттілігі — 2,9 млн адамды құрайды. Оның ішінде жұмысшы мамандықтар саны — 1,8 млн адам. Ең жоғары сұраныс өнеркәсіпте, құрылыста, ауыл шаруашылығында және IT саласында қалыптасқан. Сұранысқа ие кәсіптердің тізбесі 51-ден 174 кәсіпке дейін жаңартылуда», — деді ол.

Қазақстанда алдағы уақытта қандай кәсіптер жойылуы мүмкін?

Сонымен бірге министр болашақта қандай мамандықтардың жойылатынын мәлімдеді.

«Ол мәтінді терушілер мен өңдеушілер, корректорлар. Кәсіптердің басым бөлігі трансформацияланады. Қызметтің мүлде жаңа бағыттары пайда болады. Бұл жағдайда кадр даярлау озық технлогиямен жұмыс істейді», — деді ол.

Еңбек нарығы қалай цифрландырылып жатыр: министр түсіндірді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев бүгін Үкімет отырысында еңбек нарығын қалай цифрландыралытынын түсіндірді.

«Біз кәсіптік оқытуды, біліктілікті растауды, жұмысқа орналастыруды және адамның одан әрі дамуын біріктіретін бірыңғай цифрлық экожүйе қалыптастыратын боламыз. Біліктілікті танудың бүкіл жолы — орталықты аккредиттеуден бастап, сертификат алуға дейін – цифрлық форматқа ауыстырылатын болады», — деді ол. 

Министрдің сөзінше ол рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтар үшін кәсіптік біліктілікті тануды қолжетімді етуге мүмкіндік береді.

«Сондай-ақ, Big Data мен ЖИ негізінде кадрларға қажеттілікті неғұрлым дәл болжауға көшетін боламыз.  Адамның мансаптық траекториясын цифрлық сүйемелдеуді — мамандық таңдау мен оқудан бастап жұмысқа орналасуға және кәсіптік дамуға дейін енгізіледі. Осылайша, цифрландыру деректерді есепке алудан басқарушылық шешімдер қабылдауға өтеді», — деді ол.

Қазақстанға жылына неше шетел азаматы жұмыс істеуге келеді?

«Электрондық порталда жалпы жұмыс берушілермен жыл басынан бері 845 мың бос жұмыс орны хабарланды. Оның 432 мыңы жұмысшы мамандықтар. Азаматтардың 60-70%-ы сол портал арқылы жұмыс табады. Ал, уақтылы жұмысқа тарту үшін, шетел жұмысшыларын тартуға тура келеді. Жыл сайын елімізге 300 мың шетел азаматы жұмыс жасауға келеді. Қазір мансап орталықтарының жұмысын өзгерту жұмысы жүріп жатыр», — деді ол.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов бұл ретте «елде жұмыс істеймін деген адамға жұмыс бар» екенін атап өтті.

«Мыңдаған адамдарды шетелден алып келуге мәжбүрміз. Жұмыс бар, соны халыққа дұрыс түсіндіруіміз керек. Жұмыс жоқ деген болмау керек», — деді ол.

Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында жұмысшы мамандықтары бойынша кадрлар даярлаудағы жаңа тәсілдер мәселесі қаралды.

Оқу үшін