NoFake

БЖБ, ТЖБ 5-9-шы сыныптардан қашан алынады

Фото: depositphotos.com

ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында БЖБ мен ТЖБ-дан кезең-кезеңімен бас тартылатынын, қалыптастырушы бағалаудың рөлін күшейту жоспарланып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Қазақстанда мектептегі бағалау жүйесін қайта қарау жұмыстары жалғасып жатыр. ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, өзгерістердің алғашқы кезеңі бастауыш сыныптарды қамтыса, келесі кезеңде 5 және 9-сынып оқушылары болмақ.

«Бұған дейін БЖБ, ТЖБ болса, қазір оны аралық бағалауға ауыстырдық. Бұл жерде қалыптастырушы бағалаудың рөлін күшейтеміз. Яғни оқушы күн сайын жұмыс істеп, күн сайын жауап береді», — деді Сүлейменова.

Бұл ретте, министр келесі кезеңде өзгерістер 5 және 9-сынып оқушыларына қатысты болатынын атап өтті. Оның пікірінше, бұл өзгерістерді келесі оқу жылынан бастап енгізу жоспарланып отыр.

«Одан кейін 10 және 11-сыныптарды да қайта қарастырамыз», — деп нақтылады министр.

Сондай-ақ, өзгерістерді әзірлеу үшін Ыбырай Алтынсарин атындағы академияда бағалау департаменті құрылғаны белгілі боллы.

«Оның мамандары педагогтерге арналған талдамалық және әдістемелік материалдар әзірлеп жатыр. Олар мұғалімдер үшін үлкен талдамалық материал дайындап жатыр: критерийлерді қалай бағалау керек, бағалау сызбасы қандай болуы тиіс деген мәселелер бойынша», — деді ол.

Ол жаңа сыныптардағы бағалау жүйесін өзгерту үшін қосымша әдістемелік дайындық қажет екенін атап өтті.

«5 және 9-сыныптарда БЖБ, ТЖБ алып тастау үшін бізге дәл сондай талдамалық жұмыс пен дайындық қажет. Әдістемелік тұрғыдан дайын болған бойда, келесі оқу жылынан бастап кезең-кезеңімен алып тастауды жоспарлап отырмыз», — деп қорытындылады cөзін министр.

Айта кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрі «мұғалімдерді кешкі уақытта мазалауға бола ма?» деген сауалға жауап берген болатын.

Оқу үшін