NoFake

БҚО-да мемлекеттік органдардың атын жамылған алаяқтар көбейді

Фото: Depositphotos

ІІМ Батыс Қазақстан облысында WhatsApp мессенджері мен белгісіз нөмірлер арқылы қашықтықтан жасалатын алаяқтық деректері күрт жиілеп кеткенін хабарлады.

Қазіргі уақытта қылмыскерлер азаматтарды тақырға отырғызу үшін психологиялық қысым мен заманауи технологияларды белсенді қолданады. Облыстық полиция департаменті тұрғындарды барынша сақ болуға шақырады.

Скрин: Polisia.kz

Тұрғындар арасында алаяқтарға алданып, ірі көлемде ақшасынан айырылып жатқандардың жиілеуіне байланысты, Батыс Қазақстан облысының Полиция департаменті ресми түрде ескерту жасады.

 «Ресми үндеудің көрінісін жасау үшін алаяқтар тиісті мемлекеттік органдардың атаулары мен символикасы бар аккаунттарды пайдаланады. Әңгімелесу барысында олар азаматтың атына несие рәсімделгенін, дербес деректердің сыртқа кеткенін немесе белгісіз тұлғалардың оның ақшалай қаражатын иемденуге тырысып жатқанын хабарлайды. Сенімге кіру үшін қаскөйлер адамның тегін, атын, әкесінің атын, ЖСН және телефон нөмірін атауы мүмкін. Сонымен қатар, олар кейбір азаматтардың алаяқтардың құрбаны болғанын айтып, ойдан шығарылған немесе тексерілмеген мысалдарды жиі алға тартады», — дейді полиция өкілдері.

Мамандар мұндай оқиғалар адамда тек үрей сезімін тудыру, психологиялық қысым көрсету және қаскөйлердің нұсқауларын орындауға мәжбүрлеу үшін ғана қолданылатынын ескертеді.

«Мемлекеттік органдар мен банк қызметкерлері несие рәсімдеу немесе өзге де қаржылық операцияларды жүргізу мәселелері бойынша азаматтарға ешқашан WhatsApp арқылы хабарласпайтынын еске саламыз. Бөгде тұлғаларға ЖСН-ді, банк карталарының деректерін, парольдер мен SMS-пен келген растау кодтарын ешбір жағдайда хабарламаңыздар. Күмәнді сілтемелерге өтпеуді және белгісіз адамдардың нұсқауымен ешқандай қосымшаларды орнатпауды сұраймыз. Осындай қоңыраулар түскен сәтте сөйлесуді дереу тоқтатыңыз», — деп дабыл қақты тәртіп сақшылары.

Мұндай жағдайда не істеу керек?

  1. Тұтқаны тастаңыз: Егер сізге белгісіз біреу хабарласып, өзін «министрлік өкілімін» немесе «банк қауіпсіздік қызметіненмін» деп таныстырып, шоттарыңыз туралы сұрай бастаса, сөйлесуді дереу тоқтатыңыз.
  2. Ақпаратты тексеріңіз: Сол аталған ұйымның (банк немесе мемлекеттік орган) ресми байланыс нөміріне немесе колл-орталығына өзіңіз қайта хабарласып, жағдайды нақтылаңыз.
  3. Бөтен қосымша орнатпаңыз: Ешкімнің нұсқауымен телефоныңызға AnyDesk, TeamViewer как кашықтан управляу программларын жүктемеңіз.

Егер сіз алаяқтардың арбауына түсіп қалсаңыз немесе осындай күмәнді әрекеттерді байқасаңыз, тез арада жақын маңдағы полиция бөліміне барыңыз немесе бірден «102» нөміріне хабарласыңыз.

Оқу үшін