NoFake

Блогерлер саяси партиялар мен кандидаттарды жарнамалай ала ма

Коллаж: MidJourney

Блогерлер, яғни бүгінде жиі айтылып жүргендей инфлюенсерлер, әлеуметтік желідегі парақшаларында саяси партияларды жарнамалай ала ма? NoFake.kz бұл сұрақтың жауабын қолданыстағы заңнама негізінде зерделеп көрді.

Анықталғандай, блогерлердің саяси партияларды жарнамалауына толықтай тыйым салынбаған. Алайда мұндай жарнама заңмен қатаң реттеледі және бірқатар талаптарды сақтауды міндеттейді. Бұл қандай талаптар? Төменде заң нормаларына сүйене отырып түсіндіреміз.

Заң не дейді?

Егер жарияланым сайлауалды үгіт-насихат науқаны аясында немесе ақылы коммерциялық негізде жарияланатын болса, блогерлер саяси партияларды жарнамалай алады. Бірақ бұл ретте олар заңда көзделген талаптар мен шектеулерді сақтауға міндетті.

Мәселен, «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» ҚР Заңының 1-бабы, 6-тармағына сәйкес, инфлюенсер (блогер) – онлайн-платформада тұлғалардың беймәлім тобына арналған ақпаратты кәсіпкерлік қызмет мақсатында жариялайтын онлайн-платформаны пайдаланушы. Осы заңның  19-бабы бойынша, блогерлер орналастыратын кез келген онлайн-жарнама міндетті түрде таңбалануы, яғни жарнама екені көрініп тұруы тиіс және ол ҚР «Жарнама туралы» Заңының талаптарына қайшы келмеуі керек.

Егер саяси партияның атауы ақылы немесе демеушілік негізде жарияланса, бұл онлайн-жарнама болып саналады және міндетті түрде тиісті белгімен, мәселен, «жарнама», «серіктестік» немесе демеушілік белгісі арқылы көрсетілуі шарт.

Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңның 27, 28 баптарына сәйкес, партияның атауы мен қызметі сайлау науқаны кезінде жарияланса, бұл сайлауалды үгіт-насихат болып есептеледі. 28 бабы 7 тармағына сәйкес, кез келген үгіт материалдары тек ресми түрде белгіленген сайлауалды үгіт кезеңінде және кандидаттардың/партиялардың сайлау қоғамдық қорларының есепшотынан төленген қаражат есебінен ғана жүзеге асырылуы тиіс. Партияларға заңсыз немесе ақысы ресми қордан төленбеген жасырын үгіт-насихат жүргізуге және әлеуметтік желілерде тиісті ережелерді бұзуға тыйым салынады.

Мұндай жарнамадан түскен қаражаттан салық төленеді ме?

Блогерлер партиялардан немесе кандидаттардан жарнама немесе ақпараттық қызмет үшін ақы алатын болса, олар міндетті түрде жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде тіркеліп, алған кірістеріне сәйкес салық төлеуі тиіс. Кәсіпкерлік қызметті тіркеусіз жүргізу ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабы бойынша жауапкершілікке әкеп соғады.

Түйін

Блогерлер партия атауын атап, ақпарат бере алады. Алайда бұл әрекет жалған ақпарат таратпау, жарнаманы міндетті түрде таңбалау, салық заңнамасын сақтау және егер сайлау кезеңі болса – сайлау заңнамасының үгіт-насихат ережелерін қатаң ұстану шарттары орындалған жағдайда ғана заңды болып саналады.

Оқу үшін