NoFake

Bilimclass, Kundelik.kz қашан жұмыс істейді: министр жауап берді

ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкіметте өткен брифинг барысында оқулықтағы қателіктер, Шымкенттегі тозығы жеткен оқулықтар мен электрондық күнделік жүйесінің жұмысына тоқталды, деп хабарлайды Nofake.kz.

Оқулықтардан қате табылғаны рас па?

«Министрлік үлкен сараптамалық жұмысты жүргізді. Соның нәтижесінде оқулықтардан 700-ге жуық қате табылды. Қазір баспалармен бірге жұмыс жүргізіліп, жаңа оқулықтар шығару жұмысы қолға алынып жатыр», — деді ол.

Шымкенттегі тозығы жеткен оқулық: министр не дейді?

Сондай-ақ министр Шымкент қаласындағы ата-аналардың бірінің ескі оқулықтарға шағым түсірген жағдайға қатысты пікір білдірді.

«Бұл жағдайға байланысты біз жедел жұмысты бастадық. Қазіргі таңда ол оқулықтар сатып алынып, жаңартылды», — деді ол.

Bilimclass, Kundelik.kz: электрондық күнделіктер ел бойынша қашан жұмыс істейді?

ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ата-аналар жиі көтеріліп жүрген электрондық күнделіктер мәселесіне де тоқталды. Айта кетерлігі, әлеуметтік желіде көптеген ата-аналар ел бойынша мектептерде әлі де аталған жүйелер жұмыс істемей тұрғанын жиі айтатын еді.

«Қазіргі таңда бізде мұндай 4 жүйе жұмыс істейді. Аталған жүйелердің барлығы ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес, жергілікті атқарушы органдармен тікелей жұмыс жасайды. Яғни, әр басқарма қай жүйемен жұмыс істейтінін өзі шешеді. Сол үшін, олардың қашан, қалай жұмыс істейтініне, жұмыс сапасы мен дербес деректердің сақталуына әкімдіктер жауап береді», — деді ол.

Айта кетейік, бүгін ҚР Оқу-ағарту министрі алдағы жылдары «Назарбаев зияткерлік мектептерін» қаржыландыру қысқарады деген қауесетке жауап берген еді.

Оқу үшін