Азық-түлік жинап, елден кетіңдер: Қазақтелеком желідегі хабарламаны жоққа шығарды

Коллаж ЖИ көмегімен жасалды
Әлеуметтік желіде «Қазақтелеком» қызметкерлеріне шұғыл жиналыстан кейін азық-түлік жинап, елден кету ұсынылғаны туралы жазба тарады. NoFake.kz ақпараттың рас-өтірігін тексерді.
Желіде өзін «Қазақтелеком» қызметкерінің танысы ретінде көрсеткен адамның жазбасы таралып жатыр. Онда компанияда жұмыс істейтін танысының әкесі Астанаға шұғыл жиналысқа шақырылғаны айтылған.

«Қазақстан! Танысымның әкесі «Қазақтелекомда» жұмыс істейді. Бүгін оны шұғыл түрде Астанаға жиналысқа шақырған. Үйіне кеш оралып, ештеңе түсіндірмеген. Тек заттарды жинап, екі аптаға жететін азық-түлік сатып алуды айтқан. Қазір шекараға қарай кетіп барамыз. Не болып жатқанын білмеймін, бірақ бірдеңе басталған сияқты», – делінген жазбада.
Алайда жазба астына пікір қалдырушылардың көбі бұл ақпаратқа сенбеген.

«Қазақтелеком» не дейді?
Редакция тілшісі ақпараттың анық-қанығын білу үшін «Қазақтелеком» АҚ-на сауал жолдады. Компания өкілдері әлеуметтік желіде тараған мәліметті растаған жоқ.
«Қазақтелеком» АҚ әлеуметтік желілерде таралып жатқан, компания қызметкерлерінің шұғыл жиналысынан кейін оларға азық-түлік қорын жинап, тұрғылықты жерінен кету ұсынылғаны туралы ақпаратты растамайды. Компания қалыпты жұмыс режимінде қызмет атқарып жатыр. «Қазақтелеком» АҚ тарапынан мұндай ұсыныстар беруге ешқандай негіз жоқ», – деп жауап берді компания.
Бір мәтін – екі ел: жазбалардың ұқсастығы неде?
Бір қызығы, әлеуметтік желіде дәл осындай мазмұндағы тағы бір жазба кездеседі. Алайда онда «Қазақтелеком» қызметкерінің орнына АҚШ-та тұратын адам туралы айтылады.

«Ертеңге бәрің дайынсыңдар ма? Танысым АҚШ-та тұрады. Бүгін оны жұмысында шұғыл жиналысқа шақырған. Үйіне кеш оралып, ештеңе түсіндірмеген. Тек заттарды жинап, екі аптаға жететін азық-түлік сатып алуды айтқан. Қазір қаладан алыс жаққа кетіп барады. Не болып жатқанын білмеймін, бірақ бірдеңе басталған сияқты», – делінген екінші жазбада.
Екі мәтінді салыстырғанда олардың мазмұны ғана емес, сөйлем құрылымы мен оқиғаның баяндалу реті де бірдей екені байқалады. Екеуінде де таныс адамның шұғыл жиналысқа шақырылғаны, үйіне кеш оралып, ештеңе түсіндірмегені және екі аптаға азық-түлік жинауды тапсырғаны айтылады. Тіпті соңындағы «Не болып жатқанын білмеймін, бірақ бірдеңе басталған сияқты» деген тіркес те қайталанады. Негізгі айырмашылық – оқиға орны мен кейбір детальдардың өзгертілуі. Бірінде Астана мен «Қазақтелеком» аталса, екіншісінде АҚШ-та тұратын адам туралы жазылған. Қазақстандық нұсқада кейіпкерлер шекараға қарай бет алса, америкалық нұсқада қаладан алысқа кетіп бара жатқаны баяндалады.
Байқасаңыз, екі жазбада да ақпарат нақты дереккөзге емес, белгісіз таныстардың әңгімесіне негізделген. Жиналыстың мақсаты, қауіптің неден туындағаны және оның рас екенін растайтын дәлелдер келтірілмейді. Оның орнына оқырманға төтенше жағдай басталғалы тұрғандай әсер қалдыратын сөздер қолданылған.
Түйін
«Қазақтелеком» қызметкерлеріне азық-түлік жинап, тұрғылықты жерінен кету ұсынылғаны туралы ақпарат компания тарапынан расталмады. Ал АҚШ туралы ұқсас жазбаның болуы бұл хабарламаның өзгертіліп таратылған болуы мүмкін екенін көрсетеді. Сондықтан мұндай мәліметтерді ресми ескерту ретінде қабылдауға негіз жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін біз 17 қараша әлемде не болады: жаһандық апат туралы қауесеттерді тексердік.


