NoFake

Астанада бір сыныпта 47 бала оқи ма — Білім басқармасы жауап берді

Фото: pixabay.com

Әлеуметтік желіде Астанадағы №95 мектептің бірінші сыныптарының бірінде 47 бала оқитыны туралы жазба тарады. NoFake.kz редакциясы қалалық Білім басқармасынан түсініктеме сұрады.

Скриншот: әлеуметтік желі

Жазба авторы сыныптағы бала санына алаңдап, мұндай жағдайда оқушылардың қалай білім алатынын сұраған.

«Есіл ауданындағы №95 мектептің 1-ші сыныбында 47 оқушы отыр. Бұл неткен бассыздық? Балалар қалай оқиды?!» – деп жазған желі қолданушысы.

Білім басқармасы не дейді?

Басқарма мәліметінше, аталған мектептің бірінші сыныптарының бірінде 47 емес, 41 оқушы болған. Қазір қосымша сыныптар ашылып жатыр.

«Қазір оқу жылының екінші аптасы. Мектептерде сыныптар әлі де жасақталып жатыр. Осыған орай, аталған мектептегі 1-ші сыныптардың бірінде 41 оқушы болған. Бүгінде оқушылар санының көбеюіне байланысты жаңа сыныптар ашылып жатыр. Сондықтан мәселе бақылауда, шешімі бар», – деп хабарлады Білім басқармасы.

Қай ауданда мектеп жетіспейді?

Басқарма өкілдерінің айтуынша, елордада мектеп тапшылығы әзірге тек Сарайшық ауданында байқалады.

«Қала бойынша мектеп тапшылығы мәселесі әзірге тек Сарайшық ауданында байқалады. Алайда, ол ауданда жаңа мектептерді салу арқылы, мектеп тапшылығы мәселесі шешілетін болады», – деді басқарма өкілдері.

Ведомство ауданда қанша мектеп салынатыны және олардың қашан ашылатыны туралы мәліметті қосымша ұсынуға уәде берді.

Түйін

Білім басқармасы бір сыныпта 47 бала оқитынын растамады, бірақ 41 оқушы болғанын мойындады. Қосымша сыныптар ашылып жатқаны айтылғанымен, қазір сол сыныпта қанша бала қалғаны және оқушыларды бөлу жұмысы қашан аяқталатыны нақтыланбаған.

Оқу үшін