Астанадағы әйелдің өлімі: төрт бұрынғы полицейдің ұсталғаны рас па

Фото: gov.kz
Әлеуметтік желіде Астанадағы 30 жастағы әйелдің өліміне қатысты төрт бұрынғы полиция қызметкерінің ұсталғаны туралы ақпарат тарады. NoFake.kz Астана қаласының Полиция департаментінен бұл ақпараттың рас-өтірігін сұрады.
Төрт бұрынғы полицей ұсталды ма?
Астана қаласының Полиция департаменті төрт бұрынғы қызметкердің ұсталғанын растады. Алайда олар әйелдің өліміне тікелей қатысы бар деген күдікпен емес, қызметіне немқұрайлы қарау фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында ұсталған. Ведомство мәліметінше, әйелдің өлімінен кейін ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті жауапты лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне қатысты қызметтік тексеру жүргізген.
«Тексеру қорытындысы бойынша төрт қызметкер теріс себептермен жұмыстан шығарылды. Аудандық полиция басқармаларының екі басшысы мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ Астана қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары лауазымдарынан босатылды. Полиция департаментінің басшысы мен оның тағы бір орынбасарына қатаң тәртіптік жаза қолданылды», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, қызметіне немқұрайлы қарау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, оның аясында полицияның бұрынғы төрт қызметкері ұсталған. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр.
Ал әйелдің өліміне қатысты негізгі қылмыстық іс бойынша күдікті оқиғадан кейін көп ұзамай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
«Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр», — деп хабарлады полиция.
Айта кетейік, бұған дейін Астана қаласының Полиция департаменті күдіктінің полицияда қызмет еткенін жоққа шығарған.


