Instagram арқылы тапсырыс жинап 21 млн иемденген: Астанада жалған жөндеуші сотталды

Фото: blizko.by
Астанада Instagram арқылы жөндеу және жиһаз жасау қызметін ұсынып, тұрғындардың 21 млн теңгеден астам қаражатын иемденген азамат сотталды, деп хабарлайды NoFake.kz Астана қаласының прокуратурасына сілтеме жасап.
«Қала тұрғыны Instagram әлеуметтік желісінде тартпалы төбелерді орнату, жиһаз жасау және сату туралы хабарландыру жариялаған. Ол азаматтармен келісімшарт жасасып, алдын ала төлемді қолма-қол немесе банк аударымдары арқылы алған. Алайда ақшаны алғаннан кейін тапсырыс берушілермен байланысты үзген», – делінген прокуратура хабарламасында.
Осы тәсілмен 15 адам алданып, жалпы шығын 21 млн теңгеден асқан. Сотта айыпталушының кінәсі дәлелденіп, оған 4 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушілердің материалдық шығынды өндіріп алу туралы азаматтық талаптары да қанағаттандырылды.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

