Астаналық зейнеткер емханаға жазыламын деп 20 млн теңгесінен айырыла жаздады

Фото: depositphotos
Астанада полиция қызметкерлері алаяқтардың арбауына түскен 76 жастағы зейнеткердің шамамен 20 миллион теңге жинағын сақтап қалды.
Алдын ала мәлімет бойынша, белгісіз адамдар әйелге телефон соғып, өздерін емхана қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар қабылдауға жазылу сылтауымен SMS арқылы келген растау кодын айтқызған. Одан кейін алаяқтар психологиялық қысым көрсету тәсілдерін қолданып, зейнеткерді байланыста ұстап отырған. Сондай-ақ үйден шығып, саябаққа барып, әрі қарайғы нұсқауларды күтуді талап еткен.
Алаяқтық әрекет туралы ақпарат түскеннен кейін полиция қызметкерлері «Қазақтелеком» АҚ мамандарымен бірлесіп жедел әрекет етіп, әйелдің жүрген жерін анықтаған.
«Уақытылы араласудың арқасында ақшаны ұрлауға жол берілмеді. Әйелдің барлық жинақтары, соның ішінде банк шоттары мен депозиттеріндегі қаражаттары сақталды», – деп хабарлады полиция.
Оқиғадан кейін тәртіп сақшылары зейнеткермен профилактикалық әңгіме өткізіп, телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың кең таралған тәсілдері мен күмәнді қоңыраулар түскен жағдайда қандай әрекет ету керектігін түсіндірген.
Полиция азаматтарға мемлекеттік органдардың, банк немесе медицина мекемелері қызметкерлерінің телефон арқылы SMS-кодтарды, банк картасының деректерін, құпиясөздерді немесе басқа да құпия ақпаратты сұрамайтынын еске салды. Мұндай қоңырау түскен жағдайда әңгімені бірден тоқтатып, ақпараттың растығын ресми арналар арқылы тексеру қажет екенін ескертті.


