Астанада оқуға түсіремін деп 8 млн теңге алған алаяқ ұсталды

Коллаж: Nofake.kz
Астанада ЖОО-ға оқуға түсіруге көмектесемін деп уәде берген ер адам алаяқтық жасады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Тергеу мәліметінше, ол өзін арнайы білім беру орталығының өкілі ретінде таныстырып, құжат рәсімдеу және оқуға қабылдауды ұйымдастырамын деген сылтаумен жәбірленушіден 8 миллион теңге алған.
«Ол азаматтың сеніміне кіру мақсатында шетелдік университеттермен де байланысы бар екенін айтып, қысқа мерзім ішінде оқуға грантсыз қабылдауға, құжаттарды рәсімдеуге және шетелдік оқытушыларды тартуға көмектесетінін жеткізген. Күдікті оқу ақысын төлеу, құжаттарды жедел рәсімдеу және арнайы дайындық бағдарламаларын ұйымдастыру қажет деген сылтаумен жәбірленушіден бірнеше рет ақша алған», — делінген хабарламада.
Осылайша, күдіктінің алдау және сенімге қиянат жасау жолымен жалпы сомасы 8 млн теңгені иемденгені анықталды.
«Уәде етілген қызметтер уақытылы орындалмағаннан кейін жәбірленуші күдіктіден күмәнданып, құқық қорғау органдарына жүгінген. Тергеу барысында күдіктінің ешқандай білім беру ұйымдарымен ресми байланысы болмағаны анықталды», — делінген хабарламада.
Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.


