Астанада депутаттар тұратын пәтерлердің жиһазы жаппай жаңартылып жатқаны рас па

Фото: NoFake.kz
Әлеуметтік желіде Астанада депутаттар тұратын «Нұрсая» тұрғын-үй кешенінде жиһаз жаңартылып жатқаны туралы ақпарат тарады. Аталған жаңалық қаншалықты рас? Nofake.kz анықтап көрді.
Мәселе қайдан шықты?
Көпшілік желіде Астанадағы «Нұрсая» тұрғын-үй кешені маңында жиһаздардың тиеліп, шығарылып жатқаны туралы фото-видеолармен бөлісе бастаған. Олар аталған жиһаздың барлығы депутаттар тұратын пәтерге тиесілі болуы қажет деген болжам айтқан.

Әлеуметтік желіде тараған ақпараттың анығын білу үшін редакция тілшісі «Нұрсая» тұрғын үй кешеніне барды. Оқиға орнында пәтерлерден шығарылған жиһаздардың жүк көліктеріне тиеліп жатқанын көрдік.

Тұрғындардың айтуынша, ғимараттан жиһаздың шығарылып жатқанына екі күн болған.

Жауапты ведомство не дейді?
Жиһаздардың не себепті шығарылып жатқанын нақтылау үшін ҚР Құрылтайының Шаруашылық қамтамасыз ету департаментіне сауал жолдадық. Ведомствоның мәліметінше, «Нұрсая» тұрғын үй кешеніндегі қызметтік пәтерлерде қазір ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Құрылтай депутаттарына арналған «Нұрсая» тұрғын үй кешеніндегі қызметтік пәтерлер Шаруашылық қамтамасыз ету департаментінің теңгерімінде. Оларды күтіп-ұстау қолданыстағы заңнама мен ҚР ҚН 1.04-26-2022 талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Пәтерлерге ағымдағы жөндеу жұмыстарының мерзімі мен жиілігі жыл сайынғы жоспарлы тексеру барысында анықталатын тозу деңгейіне қарай белгіленеді. Қазіргі уақытта «Нұрсая» тұрғын үй кешеніндегі қызметтік пәтерлерде жоспарлы күтіп-ұстау аясында және ақау актілерінің негізінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2024 және 2025 жылдары бұл пәтерлерде жөндеу жүргізілген жоқ. Ал жиһаз бен тұрмыстық техника олардың нақты тозу деңгейіне қарай ғана жаңартылады», – деп хабарлады ведомство.
«Нұрсая» тұрғын үй кешенінен жиһаздың шығарылып жатқаны рас. Алайда бұл әлеуметтік желіде айтылғандай себепсіз немесе жаппай жаңарту емес, қызметтік пәтерлерде жүргізіліп жатқан жоспарлы жөндеу және күтіп-ұстау жұмыстарының бір бөлігі.


