NoFake

Астанада дипфейк пен киберқауіпті тануды тегін үйретеді

Фото: cybersteppe.mssp.global

10–11 қыркүйекте Астанада цифрлық қауіпсіздік пен кибергигиенаға арналған Cyber Steppe тегін конференциясы өтеді. Бағдарламаға NoFake.kz. сарапшылары қатысып, цифрлық контентті тексеру тәжірибесімен бөліседі.

Конференция Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен Халықаралық жасанды интеллект орталығы Alem.ai алаңында өтеді. Екі күн бойы мемлекеттік орган, бизнес өкілдері, сарапшылар мен азаматтар заманауи киберқауіптер, дербес деректерді қорғау, әлеуметтік инженерия, алаяқтық және жасанды интеллектінің дамуымен байланысты қауіптерді талқылайды.

10 қыркүйекте бағдарлама мемлекеттік органдардың, бизнес, стартаптар және ақпараттық қауіпсіздік мамандарына бағытталады. Қатысушылар ұйымдардың цифрлық тұрақтылығын қалай арттыруға болатынын, мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылын қалай тиімді ұйымдастыру керегін, сондай-ақ жасанды интеллектінің дамуы қандай қауіптер тудыратынын талқылайды.

11 қыркүйек күні іс-шарға кез келген азамат — ересектер, балалар, студенттер мен педагогтер қатыса алады. Конференцияға қатысушылар үшін кибергигиена бойынша практикалық жаттығулар, ойындар мен тесттер дайындалған. Сондай-ақ қатысушылар дипфейктер зертханасына барып, цифрлық қауіпсіздік бойынша өз дағдыларын тексере алады.

NoFake.kz сарапшылары да фейктерді, дипфейктерді және цифрлық дезинформацияның басқа да түрлерін анықтау және әшкерелеу тәжірибесімен бөліседі. Конференция барысында мамандар фотолар мен видеолардың шынайылығын анықтауға, ақпарат көзін тексеруге және жасанды түрде жасалған контенттің белгілерін тануға көмектесетін практикалық құралдар туралы айтып береді.

Қатысушылар әлеуметтік желілердегі видеолар мен жарияланымдарды көрген кезде неге назар аудару керегін және жалған ақпаратты таратушы болып кетпеу үшін қандай қарапайым қадамдар жасауға болатынын біле алады.

Ұйымдастырушылар бұл шараға 3000-нан астам қатысушы қатысатынын айтты. Оның ішінде Астанадан 2000-нан астам офлайн қонақ және Алматы, Шымкент пен облыс орталықтарынан 1000-нан астам онлайн қатысушы болады деп жоспарланған. Cyber Steppe конференциясына қатысу тегін, алайда алдын ала тіркелу міндетті.

Оқу үшін