NoFake

Астана жанында тағы бір қала салынады — фейк

Коллаж: Nofake.kz

Әлеуметтік желіде Астана жанындағы Майбалық көлінің маңында жаңа қала салынатыны туралы ақпарат тарады. Nofake.kz аталған ақпараттың рас-өтірін анықтап білді.

Көл жанынан жаңа қала бой көтере ме: желі неге шулады?

Әлеуметтік желідегі кей пабликтер, әдеттегідей мәселенің мән-жайын нақтыламай тұрып, Майбалық көлі жанынан «жаңа қала» бой көтерітінін жарыса жазған.

Скриншот: әлеуметтік желі

Аталған жаңалық әсіресе желі қолданушылары арасында көп талқыланған. Олардың бірі жаңа қала салуға қарсы болса, енді бірі Астана жанындағы Майбалық көлінің болашағына алаңдаған.

Скриншот: әлеуметтік желіден

Әкімдік не дейді?

Сонымен Астана түбінде расымен жаңа қала бой көтере ме? Мәселенің мән-жайын білу үшін, Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына хабарласып көрдік. Ондағылар Астана қаласының Бас жоспарына сәйкес аталған аумақта жеке тұрғын үй және орта қабатты тұрғын үй құрылысы көзделгенін, алайда ол көпшілік ойлағандай қала емес екенін мәлімдеді.

«Кейбір БАҚ беттерінде хабарланғандай, бұл жаңа қала салу жобасы емес. Ол жерде тек жеке және орта қабатты тұрғын үйлер салынады», — делінген хабарламада.

Сондай-ақ, басқарма алдағы уақытта аталған аумақ бойынша егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын әзірлеу, қоғамдық талқылаулар өткізу, сондай-ақ авиациялық қауіпсіздік мәселелері бойынша Авиация әкімшілігін қоса алғанда, бірқатар уәкілетті органдармен келісу жұмыстары жүргізілуі қажеттігін атап өтті.

«Аталған жұмыстардың барлығы аумақтың даму жоспары мен сәулеттік келбетін жан-жақты пысықтау үшін керек. Қазіргі таңда Астана қаласының Бас жоспарында осы ауданның тек тұжырымдамалық (концептуалдық) дамуы ғана көзделген. Осыған байланысты жобаны іске асыру мерзімдері әзірге белгісіз», — делінген ведомство хабарламасында.

Түйін

Майбалық көлі маңында жаңа қала салынады деген ақпарат шындыққа толық сәйкес келмейді. Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, Бас жоспарға сәйкес бұл аумақта жеке тұрғын үй мен орта қабатты тұрғын үй құрылысы ғана көзделген. Қазіргі таңда ауданның тек тұжырымдамалық даму жоспары әзірленген, ал жобаны іске асыру мерзімі әлі белгіленбеген. Сондықтан әлеуметтік желіде тараған «жаңа қала салынады» деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

Оқу үшін