NoFake

Полиция Астанада «жаппай төбелес болды» деген ақпаратты жоққа шығарды

Фото: Akorda.kz

Астанада соңғы күндері мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде тараған «қаланың кейбір аудандарында жаппай қақтығыстар болды» деген ақпарат шындыққа жанаспайды.

Бұл туралы NoFake.kz редакциясына қалалық полиция департаменті мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, елордадағы жедел жағдай тұрақты және толық бақылауда.

«Мессенджерлерде таралып жатқан елордадағы жаппай қақтығыстар туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қаладағы жедел ахуал тұрақты және полицияның толық бақылауында», — деп хабарлады полиция.

Сонымен қатар, ескі вокзал маңында орналасқан тұрғын үйлердің бірінің ауласында жасөспірімдер арасында жалғыз ғана жанжал тіркелген.

«Аталған ауданда тұрғын үй ауласында жасөспірімдер арасында бір реттік жанжал орын алды. Нәтижесінде кәмелетке толмаған жасөспірім жарақат алды. Оқиғаға қатысқан барлық тұлғалар анықталып, ұсталды, қылмыстық іс қозғалды», — делінген хабарламада.

Полиция мәліметінше, жыл басынан бері түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүргені үшін шамамен 2500 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Еске салайық, демалыс күндері Астана тұрғындарын «ескі вокзал ауданында жаппай төбелес орын алып жатыр» деген хабарламалар алаңдатқан. Әлеуметтік желілерде «Арман» дүкені маңында топ болып жүрген жастар өтіп бара жатқан адамдарға тиісіп, күш көрсеткені туралы ақпарат тараған.

Оқу үшін