Астана мектебінде оқушының қара түсті шалбары үшін ата-анасына айыппұл салынғаны рас па

Фото: Yandex
Желіде Астанадағы мектеп формасына қатысты оқиға туралы ақпарат тарады. Оған сәйкес, №63 мектеп оқушысының анасы ретінде таныстырған жазба авторы, баласының қою көк түстің орнына қара шалбар киіп келгені үшін өзіне айыппұл салынатыны ескертілгенін мәлімдеген. Бұл ақпарат қаншалықты рас? Nofake.kz анықтап көрді.
Мәселе неден шықты?
Жазба авторы киімнің түсіне қатысты ескерту жасалғанын айтқан. Оның айтуынша, былтыр да баласы дәл осы шалбарды киген, алайда ол кезде ешқандай ескерту болмаған.

Білім басқармасының жауабы
Аталған жайтқа қатысты түсініктеме алу үшін, Астана қаласының білім басқармасына хабарластық. Ведомство №63 мектепте мұндай оқиға тіркелмегенін, сондай-ақ елорда мектептерінде қара түсті форма киюге рұқсат етілгенін хабарлады.
«Астана қаласының жалпы білім беретін мектептерінде қара және қою көк түсті мектеп формасын киюге рұқсат етіледі. Аталған мектеп оқушыларының ата-аналарына мектеп формасының түсіне байланысты айыппұл салынатыны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», – делінген ведомство хабарламасында.
Білім басқармасы мектеп әкімшілігіне мектеп формасына қойылатын талаптарды педагогтер мен ата-аналарға тағы бір мәрте түсіндіру тапсырылғанын атап өтті.
«Бұл талаптардың бұрмаланып немесе қате түсіндірілуіне жол бермеу үшін қажет», — дейді ведомство өкілдері.
Аталған ақпараттың мақсаты не?
Аталған жазбаның не мақсатпен тексеру үшін, редакция тілшілері жазба авторының желідегі профилін тексеріп көрді. Онда автордың шын аты емес, жасырын аты жазылған. Сондай-ақ, парақшада мектеп формасының қара түсіне байланысты айыппұл туралы бір ғана жазба бары байқалады. Бір қызығы, 18 сағат ішінде жарияланым 161 мың қаралым жинап, 3,3 мыңнан астам лайк пен 300-ден астам пікір алған.

Сондай-ақ, автор пікірлерге белсенді түрде жауап беріп, талқылауға қатысқан. Пікірлердің арасында Астана қаласының білім басқармасы да жазып, баланың қай сыныпта оқитынын және сынып жетекшісінің кім екенін нақтылауды сұраған. Алайда автор бұл сұраққа жауап бермеген.

Түйін
Осылайша, жарияланым аудиторияның эмоциялық реакциясына құрылған манипуляция белгілерін көрсетеді. Айыппұл салынатыны туралы расталмаған ақпарат жуырда ашылған белгісіз аккаунтта жарияланып, ашуға толы пікірлердің арқасында санаулы сағат ішінде үлкен аудиторияға тараған. Сонымен қатар автор өз оқиғасын растауға мүмкіндік беретін нақты деректерді ұсынбаған.


