NoFake

Аптап ыстықтан қыста жем-шөп тапшылығы болуы мүмкін бе — АШМ түсіндірді

Фото: Depositphotos

Елде аптап ыстықтың ұзаққа созылуына байланысты тұрғындар қуаңшылық болып, қыста мал азығы тапшылығы туындауы мүмкін деп алаңдап отыр. Осыған байланысты NoFake.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне ресми сауал жолдап, биылғы ауа райының жем-шөп дайындау науқанына әсері мен қыста мал азығының жеткілікті болуына қатысты түсініктеме сұрады.

Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, кедергілерге қарамастан, елдегі төрт түлік малды қыстан аман алып шығуға барлық жағдай жасалып жатыр.

Ауа райы жағдайды қиындатқаны рас

Министрлік ұсынған мәліметке сәйкес, биыл қыстан кейінгі топырақтағы ылғалдың аздығы мен көктемдегі жауын-шашынның тең түспеуі шөптің шығуын едәуір баяулатқан.

«Агрометеорологиялық жағдайлардың ерекшеліктеріне байланысты биыл мал азығын дайындау науқанының басталу мерзімі орташа көпжылдық көрсеткіштермен салыстырғанда жылжыды. Қысқы кезеңнен кейін топырақта өнімді ылғал қорының жеткіліксіздігі және көктемгі кезеңде жауын-шашынның түсуінің біркелкі болмауы табиғи шабындықтар мен мал азығы дақылдарының кейінірек өсуіне себеп болды. Бұл елдің бірқатар өңірлерінде мал азығын дайындаудың кешірек басталуына әкеп соқты», — делінген министрліктің редакциямызға берген жауабында.

Мал азығын егіндік алқап көлемін үйлкейту арқылы өсірген

Қиындықтарға қарамастан, биыл мал азығы егілген алқап көлемі ұлғайған. Ол 3,3 млн гектардан асып, былтырғы көрсеткіштен 243 мың гектарға өскен.

«Жалпы 2026-2027 жылдардағы қыстауға әкімдіктерге мынадай меже бекітілген: 25,6 млн тонн шөп, 2,3 млн тонна пішендеме, 2,8 млн тонна сүрлем, 4,8 млн тонна сабан және 5,7 млн тонна құрама жем. Әкімдіктердің жедел мәліметтері бойынша, бүгінгі таңда 13 млн тоннаға жуық мал азығы жиналды. Оның ішінде 11,6 млн тонна шөп, 943 мың тонна пішендеме және 150 мың тоннадан астам сүрлем бар», — дейді АШМ мамандары.

Министрлік мәліметінше жем-шөп бағасын бақылауда ұстау үшін өңірлерде Жедел штабтар жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар «Продкорпорация» ҰК» АҚ арқылы жемдік астық дайындалған.

«Саланы мал азығымен қамтамасыз етудің қосымша құралы ретінде «Продкорпорация» ҰК» АҚ жұмысы қалып отыр. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін компания маусымаралық кезеңде құс шаруашылығы мен мал шаруашылығы кәсіпорындарына белгіленген арзандатылған бағамен жемдік астықты сатуды жүзеге асырады. Осы мақсаттар үшін 201,3 мың тонна астық көлемінде жем қоры қалыптастырылды, оның 21,7 мың тоннасы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне өткізілді. (Биылғы бекітілген баға — тоннасына 95 мың теңге) », — деп хабарлады ведомство.

Түйін

Министрлік өкілдері осындай атқарылып жатқан шаралардың арқасында алаңдауға негіз жоқ екенін алға тартты.

«Осылайша, мал азығы қорын қамтамасыз ету және уақтылы дайындау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар ауыл шаруашылығы жануарларының қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы жануарлары өнімінің жаппай азаюына алғышарттар күтілмейді. Ет пен басқа да мал шаруашылығы өнімдерінің бағасының айтарлықтай өсуі болжанып отырған жоқ», — деді министрлік өкілдері.

Жауапты министрліктің мәліметіне сүйенсек, қыста жем-шөп тапшылығы болмайды. Сондықтан мал басының жаппай азаюына ешқандай қауіп жоқ, ал ет пен сүт бағасы айтарлықтай қымбаттамауы тиіс. Айта кетейік, біз бұған дейін АШМ Қостанай облысында аусыл жасырылып жатқаны туралы ақпаратты жоққа шығарғаны жайлы жазған болатынбыз.

Оқу үшін