3 млн теңгеден айырылған ақмолалық қалай дроппер атанды

Фото: Depositphotos
Аршалы ауданының полиция бөлімі интернет-алаяқтық бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Жалған инвестициялық платформаның арбауына түскен ауыл тұрғыны 3 миллион тенгеге жуық қаражатынан айырылып қана қоймай, қылмыстық схемаға қатысушы болып шықты, деп хабарлайды NoFake.kz.
Жәбірленуші мұнай өңдеу саласына инвестиция құю арқылы табыс табу туралы ұсынысты TikTok желісінен көріп, қызығушылық танытқан. Алғашында жеке жинақтарын салған азамат, кейіннен алаяқтардың арбауына түсіп, несие рәсімдеуге мәжбүр болған.
«Ақмолалық алаяқтарға бірнеше ай ақша аударып келген. Ол жалпы сомасы шамамен 3 миллион тенгені салды, соның ішінде несие рәсімдеп және жеке жинақтарын берген. Алаяқтар жәбірленушінің сенімін кіру үшін жеке кабинетіне дивидендтер түсіп жатқандай жалған көрсеткіштерді көрсетіп отырған», — деп мәлімдеді полиция қызметкерлері.
Ақмолалық дропперлікке қалай тап болды?
Өз ақшасы таусылған соң, алаяқтар оған басқа жолмен «ақша табуды» ұсынған.
«Жәбірленушінің өз қаражаты таусылған кезде, алаяқтар оған басқа тәсілмен «ақша табуды» ұсынды. Қаржылық операцияларды жүргізу сылтауымен олар оның барлық карталарының банк деректерін сұратты. Содан кейін ер адамның шоттарына үшінші тұлғалардан ақша түсе бастады, ол қылмыстық схемадан бейхабар күйде бұл қаражатты қаскөйлердің нұсқауымен басқа шоттарға аударып отырды», — дейді тәртіп сақшылары.
Кейін қылмыстық схеманың құрбаны болған тұрғын карталарын банк бұғаттап, ер адам өзге өңірдің киберполицейлерінің назарына дроппер ретінде іліккен. Мұндай жағдайлармен көп кездесетін полиция өкілдері азаматтарды әлеуметтік желілердегі кепілдендірілген жоғары табыс туралы жарнамаларға сенбеуге шақырды.


