Ақмола облысында алаяқтар аудан әкімі орынбасарының атынан жалған хабар таратқан

Ақмола облысының Аршалы ауданында алаяқтар аудан әкімінің орынбасары Абай Бекбаевтың атынан тұрғындарға телефон шалып, мессенджерлер арқылы жалған хабарламалар таратып жатыр. Бұл туралы аудан әкімдігі ескерту жасады.
Аршалы аудандық әкімдігінің мәліметінше, соңғы уақытта белгісіз адамдар аудан әкімінің орынбасары Абай Бекбаевтың атынан телефон қоңырауларын шалып, түрлі мессенджерлер арқылы хабарламалар жіберіп жүрген жағдайлар тіркелген.
Әкімдік бұл әрекеттердің алаяқтық мақсатта жасалып жатқанын және олардың аудан әкімдігіне ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
«Егер сізге осындай мазмұндағы қоңыраулар немесе хабарламалар келіп түссе, оларға жауап бермей, қажетті жағдайда тиісті органдарға хабарласуыңызды сұраймыз», – деп ескертті Аршалы аудандық әкімдігі.
Айта кетейік, Қорғаныс министрлігі әскери қызмет туралы жалған ақпарат таратқан азаматты жауапқа тартты.


