NoFake

Банк картаңызға шектеу қойды: не істеу керек

Фото: Fingramota.kz

Банк картасының немесе шоттың жұмысына шектеу қойылып, клиентке оның деректері Антифрод-орталық базасымен байланысты екені хабарлануы мүмкін. Бұл адамның алаяқ деп танылғанын білдіре ме және мұндай жағдайда не істеу керек? NoFake.kz Fingramota.kz түсіндірмесіне сүйене отырып, негізгі сұрақтарға жауап береді.

Антифрод-орталық деген не?

ҚР Ұлттық Банкінің Антифрод-орталығы — алаяқтық белгілері бар төлем операциялары туралы қаржы ұйымдары мен құқық қорғау органдары арасында ақпарат алмасуға арналған жүйе. Антифрод-орталықтың өзі азаматтардың банк шоттары мен карталарын бұғаттамайды, сондай-ақ адамды базаға енгізу немесе одан шығару туралы шешім қабылдамайды. Жүйедегі ақпарат қаржы ұйымдары мен құқық қорғау органдарынан алынған мәліметтер негізінде қалыптасады.

Сондықтан банк шектеудің Антифрод-орталықпен байланысты екенін хабарласа, алдымен қызмет көрсететін банкке жүгіну қажет.

Инофграфика: Fingramota.kz

Базаға түсу адамның алаяқ екенін білдіре ме?

Жоқ. Антифрод-орталық базасында адамның немесе оның шотының деректері болуы оның қылмыс жасағаны немесе алаяқтыққа қатысқаны дәлелденді деген сөз емес. Бұл белгілі бір операция, шот немесе өзара байланысты транзакциялар қосымша тексеруді қажет ететінін білдіруі мүмкін. Мұндай жағдайда қаржы ұйымы күмәнді операцияны уақытша тоқтата алады немесе құқық қорғау органдарынан алынған ақпарат негізінде шектеу қоя алады. Сонымен бірге карта мен шотқа қойылған кез келген шектеу Антифрод-орталыққа байланысты бола бермейді.

Карта бұғатталса не істеу керек?

Ең алдымен банкке ресми арналар арқылы хабарласып, шектеудің нақты себебін анықтау қажет. Клиент қандай операцияларға шектеу қойылғанын, оның Антифрод-орталықпен байланысы бар-жоғын, ақпаратты енгізуге кім бастамашы болғанын және мәселені шешу үшін қандай құжаттар керегін сұрай алады. Егер операция заңды болса, ақшаның қайдан түскенін және төлемнің мақсатын растайтын құжаттарды дайындаған жөн. Мысалы, сатып алу-сату немесе қызмет көрсету шарты, чек, табысты растайтын құжат, қарыздың қайтарылғанын көрсететін мәлімет немесе тараптар арасындағы хат алмасу қажет болуы мүмкін. Ал егер жағдайды құқық қорғау органдары қарап жатса, банк көрсеткен органға жүгініп, сұратылған ақпарат пен құжаттарды ұсыну керек.

Антифрод-орталыққа тікелей жүгінуге бола ма?

Fingramota.kz түсіндіруінше, Антифрод-орталыққа тікелей жүгіну картаны немесе шотты бұғаттан шығару тәсілі емес. Себебі орталық қаржы ұйымдары мен мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді. Антифрод-орталықтың ресми порталында биометриялық сәйкестендіруден кейін азамат өзі туралы мәліметтің бар-жоғын тексере алады. Алайда мәліметті көру мен оны базадан алып тастау — екі бөлек рәсім. Егер ақпарат тергеліп жатқан оқиғаға байланысты енгізілсе, оны алып тастау қылмыстық қудалау органының тиісті ақпараты негізінде жүргізіледі. Бұдан кейін басқа заңды шектеулер болмаса, банк шығыс операцияларын қайта жүргізуге мүмкіндік береді.

Ақша заңды жолмен түскен болса ше?

Ақшаның заңды болуы операция автоматты түрде күдік тудырмайды деген кепілдік бермейді. Мысалы, адам танысынан ақша алғанымен, сол аударым күмәнді деп танылған басқа операциялар тізбегімен байланысты болуы ықтимал. Мұндай жағдайда шектеуді айналып өтуге тырыспау керек. Ақшаны басқа шоттарға аудару, төлемді бірнеше бөлікке бөліп жіберу немесе үшінші тұлғалардың өтінішімен қолма-қол ақша шешу қосымша күдік тудыруы мүмкін. Оның орнына банкке немесе құқық қорғау органына операцияның мән-жайын түсіндіріп, қаражаттың шығу тегін растайтын құжаттарды ұсынған дұрыс.

Банк шотын бөтен адамға берудің қаупі қандай?

Мамандардың пікірінше, өз картаңызға бөтен адамның ақшасын қабылдап, кейін оны басқа шотқа аударып, белгілі бір пайызын өзіңізге қалдыру туралы ұсыныстардан сақ болуға шақырады. Мұндай әрекет дропперлік схеманың бір бөлігі болуы мүмкін.

2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстанда дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. ҚР Қылмыстық кодексінің 232-1-бабында банк шотына, төлем немесе сәйкестендіру құралына қолжетімділікті заңсыз беру, алу, сондай-ақ заңсыз төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыруға қатысты жауапкершілік көзделген. Сондықтан банк картасын, шотты немесе мобильді банкингке қолжетімділікті басқа адамдарға бермеу керек.

Сондай-ақ бейтаныс адамнан ақша түссе, оны бірден көрсетілген басқа шотқа қайтармай, алдымен банкке хабарласқан жөн. Ірі операцияларға қатысты шарттар, чектер мен басқа да растайтын құжаттарды сақтап қойған дұрыс.

Ең бастысы, шотқа немесе картаға шектеу қойылуы адамның автоматты түрде алаяқтық схемаға қатысушы деп танылғанын білдірмейді. Бірақ мұндай жағдайда шектеудің себебін анықтап, мәселені банк пен қажет болған жағдайда құқық қорғау органдары арқылы ресми тәртіппен шешу қажет.

Оқу үшін