NoFake

WhatsApp-тағы «Поликлиника»: елордалық зейнеткер алаяқтардың схемасын әшкереледі

Коллаж: ЖИ

Елордалық қария емхана атын жамылған алаяқтарға алданып қала жаздаған. Анализге талон береміз деген қызметкерлер қариядан құпия код сұраған. NoFake.kz тілшісі алаяқтық схемасын кейіпкердің өз аузынан жазып алды.

«Өзін емханадан хабарласып тұрмын деді. Анализ тапсыруға талон береміз, тіркеуден өту үшін код қажет екенін айтты. Сол кезде ешқандай күдік болған жоқ, өйткені расымен анализ тапсыратын уақытым келіп тұрған еді. Сөйтіп алғашқы кодты айтып қойдым», — дейді ақсақал.

Осы тұста қарияның қасында болған әріптесі жағдайға дер кезінде араласып, келесі қоңырауда-ақ оның алаяқтар екенін түсініп, тұтқаны қоя салған.

«Одан кейін телефоныма 8 сандық код келді. Олардың ешқайсысын ешкімге айтпай өшіріп тастадым. Әдетте алаяқтар қоңырау шалғанын бірден біліп, ұрысып тастайтынмын. Бұл жолы расымен анализ тапсыратын уақытым жақындап қалған соң, сеніп қала жаздадым. Қызыма сол күні «Стоп кредит» қызметін қостырдым», — дейді ақсақал.

SMS арқылы келген сегіз таңбалы кодты сұрату – алаяқтардың кең таралған схемасы. Бірақ бұл жағдайда олар WhatsApp-тағы аккаунт атауларын да пайдаланған. Зейнеткерге хабарласқан нөмірлерде «Поликлиника», «eGov.kz» және «ForteBank» деген жазулар көрініп тұрған. Дәл осы жалған атаулар жәбірленушінің күдігін сейілтіп, алаяқтарға сенім артуына себеп болған.

Скрин кейіпкердің WhatsApp желісінен

Алаяқтар профильдерін бірден өзгертіп үлгерген

Біз зейнеткерге хабарласқан нөмірлерді тексеріп көрдік. Анықталғандай, алаяқтар өз іздерін жасыру үшін WhatsApp-тағы аккаунттарының суреттері мен «Компания жайлы» бөлімдерін дереу өзгертіп үлгерген. Тіпті, басында «Егов.кз» деп жазылып, қыз баланың суреті тұрған нөмірдегі аватарды алаяқтар сапасы өте төмен, бұлыңғыр түскен жас жігіттің суретіне ауыстырып қойғаны белгілі болды.

Қоңыраудан кейін зейнеткер көңіл тыныштығы үшін бірден «ForteBank» қолдау қызметіне хабарласып, өз атына ешқандай несие рәсімделмегенін анықтап, тексерген.

Құқық қорғау органдары не дейді

Орын алған жағдай бойынша редакциямыз Астана қаласы бойынша полиция департаментіне жүгінді.

«Алаяқтықтың бұл түрі қазіргі таңда өзекті болып отыр. Ол негізінен ересек және егде жастағы адамдарға, зейнеткерлерге қарсы қолданылады. Қылмыскерлер өздерін медициналық мекеме қызметкері ретінде таныстырып, тегін анализдерден өту үшін қабылдауға жазу сылтауымен СМС арқылы келген кодтарды сұрайды. Аталған дерек бойынша киберполиция қызметкерлері медициналық мекемелермен бірлесіп, халық арасында алдын алу және түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр», — дейді Астана қаласы ПД Есіл ауданы полиция басқармасының киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімше бастығы полиция майоры Бағдаулет Оспанбаев.

Ал бөтен нөмірдің контактілер тізімінде сақталғандай болып «Емхана» немесе Egov.kz деп шығуы жайлы полиция маманы былай деп түсіндірді.

«Бұның бәрі әлеуметтік инженерияның көмегімен жасалады. Алаяқтар адамды адастыру және оның сеніміне кіру үшін мемлекеттік мекемелердің логотиптерін пайдаланады, яғни бейнеқоңырау немесе аватар суретіне ресми белгілерді қойып қояды. Олар құқық қорғау органдарының, мемлекеттік және медициналық мекемелердің нышандары мен логотиптерін кеңінен қолданады», — дейді Бағдаулет Оспанбаев.

WhatsApp-та кез келген қолданушы аккаунтына қалаған атауды қоюға болады. Сондықтан қоңырау кезінде экранда «Поликлиника», «eGov.kz» немесе банк атауы шыққаны оның шынымен сол ұйымнан хабарласып тұрғанын білдірмейді.

Оқу үшін