NoFake

120 млн теңгелік элиталық пәтер: Алматы әкімдігі құны қымбат баспананы кімге алады

Коллаж: Nofake.kz

Отандық БАҚ беттерінде Алматы қаласы әкімдігінің 120 млн теңгеге элиталы пәтер сатып алғаны туралы ақпарат тарады. Nofake.kz аталған ақпараттық рас-өтірігін тексеріп көрді.

Мәселенің мән-жайы қандай?

Отандық БАҚ ұсынған мәліметке сәйкес, Алматы қаласының Мемлекеттік активтер басқармасы мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялаған. Онда тапсырыс беруші – Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй инспекциясы басқармасы екені көрсетіледі.

Скриншот: JuzMedia

Cондай-ақ, онда сатып алу нысаны – ауданы 110-нан 120,5 шаршы метрге дейінгі элиталық үш бөлмелі пәтер екені көрсетіледі. Ал, оның бастапқы сатып алу құны 120 миллион теңгені құраған.

Nofake.kz мәселенің мән-жайын білу үшін, қала әкімдігіне хабарласып көрді.

Пәтер не үшін және қандай мақсатта сатып алынады: әкімдік жауабы

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі ағымдағы жылдың 17 сәуірінде Мемлекеттік сатып алу веб-порталында 2026 жылы (Италия, Милан қаласы) өткен Қысқы Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы жеке мәнерлеп сырғанаудан жүлдегер атанған спортшыны бюджет қаражаты есебінен тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында болжамды құны 120 млн теңге болатын үш бөлмелі пәтер сатып алуға конкурс жарияланғанын мәлімдеді. Ведомство бұл сатып алу ҚР заңнамасының спортшыларды әлеуметтік қолдау мәселелерін реттейтін нормаларын орындау аясында жүзеге асырылатынын жеткізді.

«ҚР 2014 жылғы 3 шілдедегі №228-V «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңына, сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 20 сәуірдегі №97 бұйрығымен бекітілген Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлеріне тұрғын үй беру және оны пайдалану қағидаларына сәйкес, жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізген спортшыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделген. Бұл ретте берілетін тұрғын үйдің түрі мен параметрлері белгіленген тәртіпке сәйкес айқындалады», — делінген хабарламада.

Сондай-ақ, әкімдік қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қол жеткізген спорттық нәтижесіне байланысты аталған спортшы үш бөлмелі пәтермен қамтамасыз етілуге жататынын түсіндірді.

«Сатып алынатын тұрғын үйдің құны Алматы қаласындағы тиісті санаттағы жылжымайтын мүлікке қалыптасқан нарықтық бағаларға жүргізілген талдау негізінде айқындалған және нарықтағы қазіргі жағдайды көрсетеді», — делінген әкімдік хабарламасында.

Осылайша, Алматы қаласы әкімдігі аталған сатып алу рәсімі қолданыстағы заңнама талаптарына қатаң сәйкес жүзеге асырылып жатқанын, мемлекет тарапынан спортшыларға берілетін әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

Түйін

Алматы қаласының Мемлекеттік активтер басқармасы 120 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер сатып алуға мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялағаны — шындық. Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, бұл пәтер 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарының жүлдегерін тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін сатып алынбақ. Ведомствоның хабарлауынша, сатып алу қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылып жатыр және спортшыларға берілетін әлеуметтік кепілдіктер аясында көзделген.

Оқу үшін