NoFake

Алаяқтар зейнеткерлерді қалай алдайды

Фото: Depositphotos

Күні кеше Павлодарда телефон алаяқтарының арбауына түскен екі зейнеткер банк бөлімшесінде петарда жарып, шу шығарған болатын. Осы жағдайдан кейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алаяқтардың көп жағдайда егде жастағы азаматтарды нысанаға алатынын ескертіп, алданбаудың қарапайым ережелерін жариялады.

Агенттіктің мәліметінше, алаяқтар көбіне өздерін банк, құқық қорғау органдары немесе мемлекеттік мекеме қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтарға шоттарынан ақша ұрланғалы жатқанын айтып қорқытады. Осылайша олар адамның үрейін туғызып, асығыс шешім қабылдауға итермелейді.

«Сөйлесу кезінде алаяқтар мазасыздықты тудыру және адамды асығыс әрекет етуге мәжбүрлеу үшін психологиялық және эмоционалды қысым жасайды. Нәтижесінде зейнеткерлерді ақшалай қаражатты «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіреді», – деп ескертті Агенттік.

Сондай-ақ қаскөйлер азаматтардың мобильді банкингті пайдалана алатынын анықтап, ақша аудару жөнінде нұсқаулық беріп, тіпті телефонға қашықтан қол жеткізуге мүмкіндік беретін қосымшаларды орнатуды ұсынуы мүмкін. Агенттік бейтаныс адамдарға, тіпті олар өздерін банк немесе полиция қызметкері ретінде таныстырса да, сенбеуге шақырды.

«Есіңізде болсын: құқық қорғау органдары, банктер және басқа қаржы ұйымдары телефон арқылы клиенттердің құпия деректерін сұрамайды. Мұндай мәліметтер тек алаяқтарға азаматтардың ақшалай қаражатына қол жеткізу үшін қажет», – делінген хабарламада.

Мамандар күмәнді қоңырау түскен жағдайда әңгімені тоқтатып, қажетті ақпаратты ұйымның ресми байланыс орталығы арқылы өз бетінше тексеруге кеңес береді. Сондай-ақ ешкімге банк картасының деректерін, SMS-кодтарды, CVV/CVC кодын және мобильді банкингке қатысты құпия ақпаратты бермеу қажеттігін еске салды.

Оқу үшін