Алаяқтардың жаңа айласы: «қара үшбұрыш» схемасы қалай жұмыс істейді

Фото: pixabay.com
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі интернеттегі алаяқтықтың кең таралған түрлерінің бірі – «қара үшбұрыш» схемасының қалай жұмыс істейтінін түсіндірді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Ведомствоның мәліметінше, әдеттегі алаяқтық схемаларда үш адам қатысады. Олар: алаяқ, сатып алушы және алдауға қатысқанынан еш хабарсыз азамат. Алаяқтар мұндайда өзіне пайда табу үшін, бір адамның тауарын пайдаланса, екінші адамның банк деректемелерін пайдаланып кетеді.
Схема қалай жұмыс істейді?
1 қадам. Алдымен алаяқ интернетте сұранысқа ие тауарды – мысалы, смартфонды, ойын құрылғысын немесе тұрмыстық техниканы нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан бағаға сататыны туралы жарнама жариялайды. Себебі, арзан баға адамдар назарына бірден ілігеді.
2 қадам. Тауарды сатып алғысы келген адам сатушымен байланысып, сатып алуға келіседі. Осы кезде алаяқ «тауарды алғысы келетіндер көп», «басқа сатып алушылар күтіп тұр» деп асықтырып, ақшаны тез аударуды сұрай бастайды.
3 қадам. Бірақ ең маңыздысы — төлем жасалатын шот алаяққа тиесілі болмайды. Ол сатып алушыға мүлде басқа адамның, яғни өз тауарын сатып жүрген нағыз сатушының банк картасының немесе шотының деректерін жібереді.
4 қадам. Ақшаны алған нағыз сатушы бұл төлемді өз тауары үшін түскен ақша деп есептейді. Ол алаяқтық схема туралы ештеңе білмейді және төлемді көрген соң тауарын алаяқ көрсеткен мекенжайға немесе оның сыбайласына жөнелтеді.
5 қадам. Нәтижесінде сатып алушы ақшасынан айырылып, тапсырыс берген тауарын алмайды. Нағыз сатушы өзі де байқамай алаяқтық схемасының қатысушысына айналады. Ал алаяқ ешқандай банк аударымына тікелей қатыспай-ақ тауарды немесе ақшалай пайданы иеленіп, ізін жасырып үлгереді.
Агенттік, осы ретте интернет арқылы сауда жасағанда аса сақ болған жөн екенін ескертеді. Егер сатушы тауарды арзан бағаға ұсынып, төлемді асықтырып жатса немесе төлем алушының аты-жөні сатушының деректерімен сәйкес келмесе, азамттарға мәміледен бас тартуға кеңес беріледі.


