NoFake

Алаяқ қоңырауды қалай ажыратуға болады: сарапшы негізгі белгілерін атады

Фото: NoFake.kz

Алаяқтар банк қызметкері, туысыңыз немесе компания басшысы болып хабарласуы мүмкін. Сондай-ақ олар жалған телефон нөмірлері мен мессенджердегі фейк аккаунттарды пайдаланады. Киберқорғаныс саласының сарапшысы Юрий Белоусов күмәнді қоңырау кезінде неге назар аудару керегін түсіндірді.

Сарапшының айтуынша, ең алдымен қоңырау түскен нөмірге мән берген жөн. Алаяқтар бейтаныс нөмірден хабарласумен қатар, сіз білетін адамның нөміріне ұқсас нөмірді де қолдануы мүмкін. WhatsApp-та адамның суреті мен аты-жөнін көшіріп, бір ғана әріпті өзгертіп қоятын жағдайлар кездеседі.

«Бірінші белгі — бейтаныс нөмір. Кейде нөмір таныс болып көрінуі мүмкін, сондықтан міндетті түрде тексеру керек. Алаяқтар да тәсілдерін үнемі жетілдіріп отырады. WhatsApp арқылы хабарласса, ұқсас сурет пен есімді қойып, бір әріпті ғана өзгертуі мүмкін», — дейді Юрий Белоусов.

Сарапшы күмәнді нөмірге қайта қоңырау шалмай, сол адаммен өзіңіз білетін нөмірі арқылы тікелей байланысуға кеңес береді. Әсіресе қоңырау шалушы өзін туысыңыз ретінде таныстырса, бұл маңызды.

«Мысалы, экранда анаңыздың, ұлыңыздың немесе қызыңыздың аты шығып тұрса да, олардың өзіңіз білетін нөміріне қоңырау шалып, шынымен сол адам хабарласқанын тексерген жөн», — деді ол.

Егер қоңырау компания басшысының немесе ұйым қызметкерінің атынан түссе де, ақпаратты бірден шын деп қабылдамау керек. Белоусов мұндай жағдайда басшының өзінен емес, оның ассистенті немесе хатшысы арқылы ақпаратты нақтылауға кеңес береді.

«Басшыдан тікелей «Маған сіз қоңырау шалдыңыз ба?» деп сұраудың орнына, ассистенті немесе хатшысы арқылы мұндай қоңырау болған-болмағанын анықтаған дұрыс», — дейді маман.

Дипфейктен қорғайтын код сөз

Сарапшы видеоқоңыраулар кезінде адамның бейнесін алмастыратын технологиялар да қолданылатынын ескертті. Мұндай алаяқтықтан қорғанудың қарапайым тәсілдерінің бірі — отбасы мүшелері ғана білетін код сөзді алдын ала келісіп қою.

«Отбасыңызбен ортақ код сөз ойлап табыңыз», — деп кеңес берді Белоусов.

Егер видеоқоңырау кезінде экраннан таныс адамның жүзін көргеніңізбен, оның шын мәнінде сол адам екеніне күмәндансаңыз, алдын ала келісілген код сөзді айтуын сұрауға болады. Жалған бейне немесе видео қолданып отырған алаяқ бұл сөзді білмеуі мүмкін.

Сонымен қатар банк өкілі нағыз банк қызметкерлері клиенттен SMS-кодтарды, шоттағы ақша қалдығын айтуды немесе басқа шотқа ақша аударуды сұрамайтынын еске салды. Күмән туындаса, банктің ресми қосымшасына кіріп немесе ресми байланыс орталығына өзіңіз хабарласқан дұрыс.

Телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың басым бөлігі әлеуметтік инженерияға негізделеді: қылмыскерлер адамды асықтырып, ақпаратты тексеруге мүмкіндік бермей әрекет етуге итермелейді. Сондықтан экранда таныс нөмір, есім немесе адамның бейнесі көрінгенінің өзі оған сенуге негіз болмауы керек. Ең қауіпсіз жол — хабарласқан адамның кім екенін басқа байланыс арнасы арқылы өзіңіз тексеру.

Оқу үшін