NoFake

Жалған ұтыс ойындары қалай жұмыс істейді: агенттік түсіндірді

Фото: Freepik.com

Қазақстанда акция, ұтыс ойындары мен лотереялар түріндегі алаяқтық схемалар қалай жұмыс істейді? ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі түрлі схемаларды ұсынды, деп хабарлайды Nofake.kz

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, елімізде қылмыстық жауапкершілікке қарамастан, акциялар, ұтыс ойындары мен лотереялар түріндегі алаяқтық схемалар әлі де жұмыс істейді. Мәселен, Threads желісінде ұтыс ойындарына қатысып, соңында алаяқтарға тап болған көптеген азаматтың пікірлерін жиі кездестіруге болады.

Скриншот: әлеуметтік желіден

Бұл ретте, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мұндай ұтыс ойындарда азаматтарға ақша, сыйлықтар немесе бонустар уәде етілетінін, алайда олар бар ақшасынан айырылып, заңсыз схеманың бөлшегіне айналатынын айтады.

Осыған орай, құзырлы ведомство шынайы ұтыс ойындары мен лотереялар түріндегі алаяқтық схемалар қалай жұмыс жасайтынын түсіндірді.

«Әдетте, алаяқтар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы әрекет етеді. Бұл ретте схема өте қарапайым болады. Адамға ұтыста «жеңгенін» хабарлайды немесе акцияға қатысуды ұсынады. Сосын сілтеме бойынша өтуді немесе тіркелуді сұрайды. Ал, кейін олар «комиссия», «салық» немесе «жеткізу» үшін ақы төлеуді талап етеді», — делінген ведомство хабарламасында.

Одан бөлек, ведомство алаяқтар банктік деректерді немесе SMS кодтарын сұрай алатынын ескертеді.

«Тағы бір күрделі схемалар да бар. Мысалы, адамға ақша аударымдарына қатысу немесе «ақшаны шығарып алуға» көмектесу деген сияқты «жұмыс» ұсынылады. Бұл жағдайда ол қылмыстық жолмен алынған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыруға дроппер болып қалу қаупі бар», — делінген ведомство хабарламасында.

Сонымен қатар, агенттік адамдарды қаржы пирамидасына тарту үшін, ұтыс ойындарын ұйымдастыру схемасы туралы да атап өтті.

«Мәселен, Абай облысында тұтыну кооперативі деген атпен жұмыс істеген ELL QUATY қаржы пирамидасы осылай жасаған. Ұйымдастырушылар азаматтарға кооперативке кіруді және кейіннен тұрғын үй мен автомобильдерді бөліп-бөліп пайызсыз сатып алу үшін пай жарналарын салуды ұсынған», — делінген хабарламада.

Бұл ретте алаяқтар жаңа салымшыларды тарту үшін, Түркияға туристік жолдамалар ұтыс ойыны іске қосылатынын айтқан. Нәтижесінде алаяқтардың әрекеттерінен 1,5 мыңнан астам салымшы зардап шегіп, 6,8 млрд теңгеден астам қаражаттарынан айырылған.

«Қазіргі таңда ұтысты ұйымдастырушылар ұсталды», — делінген хабарламада.

Сол сияқты Шымкент қаласының тұрғыны да 2023 жылы Instagram желісі арқылы заңсыз лотерея ұйымдастырған. Ол екі аккаунттан тікелей эфир өткізіп, көлік, смартфондар, сондай-ақ зергерлік бұйымдар мен тұрмыстық техниканың ұтыс ойындарын өткізген.

«Олар қатысу үшін құны 5 000-нан 100 000 теңгеге дейінгі билеттерді сатып алуды ұсынған. Нәтижесінде қатысушылар уәде етілген жүлделерді алмаған. Ал ұйымдастырушы заңсыз түрде 96 млн теңге жинаған. Сот оны бір жылға бас бостандығын шектеуге үкім шығарды», — делінген ведомство хабарламасында.

Ұтыс ойындары мен лотореяларға қатысу несімен қауіпті 

Біріншіден, азаматтар ақшасынан айырылады. Сондықтан алаяқтар «ұтқаны үшін» комиссия немесе «жүлдені жеткізу үшін» төлеп алып, кейін ізім-ғайып жоқ болады.

Екіншіден, жеке деректерді ешкімге бермеу керек. Егер код, құпия сөздер мен деректерлі алаяқтарға жіберіп қойсаңыз, олар шоттарыңызға оп-оңай қол жеткізеді. Сөйтіп, шотыңыздағы ақшаны жұмсайды, сіздің атыңыздан несие рәсімдейді, сондай-ақ жақындарыңыздан ақша бопсалай алады. Ал, кейде тіпті жеке ақпаратты бәріне жаямын етемін деп қорқытып, сізді бопсалауы да мүмкін.

Үшіншіден, «ақшаны алуға» көмектесуге ешқашан асықпаңыз. Себебі, сіз мұндайда қылмыстық схемаға қатысуыңыз әбден мүмкін. Ал, бұл дегеніміз — қылмыстық жауапкершілік.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алаяқтардың айласына түспеу үшін, төмендегі суреттегі кеңестерге құлақ түруді ұсынады:

Фото: ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі

Қазақстанда алаяқтық схемаларына қатысқаны үшін қандай жауапкершілік көзделген 

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, іс-әрекеттерге байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің нормалары қалай қолданылатынын тізіп берді:

190-бап «Алаяқтық» — біреудің мүлкін ұрлау немесе алдау немесе сенімге кіріп теріс пайдалану арқылы бөтен адамның мүлкіне құқық алу. Бапты бұзғандар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ведомство бұл ретте, жауапкершілік жасалған қылмыстың ауырлығына байланысты тағайындалатынын айтады.

214-бап «Заңсыз кәсіпкерлік» — тіркеусіз немесе лицензиясыз, заңды бұза отырып, не тыйым салынған салаларда зардап шеккендерге немесе қылмыстық схеманы ұйымдастырушыларға ірі залал келтіруге әкеп соққан кәсіпкерлік қызмет. Бұл бап 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады. Бұл жағдайда да жаза жасалған қылмыстың ауырлығына байланысты беріледі.

232-1-бап «Банктік шотына, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына рұқсатты заңсыз ұсыну, беру және сатып алу, сондай-ақ төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын заңсыз жүзеге асыру» — жай айтқанда, адам ақшаны аударуға немесе қолма-қол ақшаға айналдыруға көмектесетін дропперлік үшін жауапкершілік. Заңда картаны үшінші тұлғаларға бергені үшін — 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, басқа адамдардың мүддесі үшін аударымдар мен төлемдер үшін — 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Одан бөлек, агенттік «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» Заң қолданылады, оған сәйкес лотерея билеттерін сатуға және таратуға заңнама шеңберінде ресми өкілеттіктерге ие операторлар мен агенттер ғана құқылы екенін еске салады. «ҚР лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасын бұзу» Әкімшілік кодексінің 445-1-бабы бойынша 500-ден 2000 АЕК-ке дейін айыппұл салу көзделген. Ал егер лотерея алаяқтық схемаларда пайдаланылса, онда «Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік тағайындалады.

Оқу үшін