NoFake

Варламовтың Қазақстан туралы айтқан мәлімдемелері рас па: ресми статистика не дейді?

Коллаж: Nofake.kz

Ресейлік танымал журналист Илья Варламов жақында «Қазақстан — тұрмыстық зомбылық ордасы» атты деректі фильм ұсынған еді. Бағдарламада журналист елімізде әр төртінші отбасында қылмыс жасалатынын, әр үшінші отбасында тұрмыстық зорлық орын алатынын айтқан. Аталған ақпарат қаншалықты рас? Nofake.kz зерттеп көрді.

Желідегі пікір-талас: көпшілік қандай пікірде?

Бағдарламаның YouTube желісіне шыққаны сол еді, ол көпшілік тарапынан қызу пікір-талас тудырды. Олардың бірі Қазақстанда расымен тұрмыстық зорлық көп екенін алға тартса, енді бірі ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін жарыса жазған.

Скриншот: әлеуметтік желіден

Варламов деректерді қайдан алған: Прокуратура жауабы

Редакция деректі фильмдегі сандардың қаншалықты шындыққа сәйкес келетінін білу үшін, алдымен Бас Прокуратураға жүгінді.

«2026 жылдың өткен кезеңінде журналист Илья Варламовтың жүгінуіне қатысты мәліметтердің жоқ екенін хабарлаймыз», — деді Бас прокуратураның баспасөз қызметі

Ал, бағдарлама барысында айтылған «әр төртінші қылмыс отбасында жасалады» немесе «әр үшінші отбасында тұрмыстық зорлық жасалады» деген мәліметтің қаншалықты шын екенін білу үшін, Комитеттің qamqor.gov.kz сайтына кіріп, тексеруімізді сұрады. Десе де, аталған сайтта «әр төртінші қылмыс отбасында жасалады» деген дерек ұсынылған жоқ. Бірақ Қазақстанда расымен отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың саны соңғы үш жылда артқанын көрдік.

Инфографика: Nofake.kz

Ал, ҚР Қылмыстық кодекстің 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша әйелдерге қатысты адам өлтіру фактісі төмендегідей екенін көрдік.

Инфографика: NoFake.kz.

Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия не дейді?

Сонымен, Варламов бағдарламасында айтылған статистикалық мәліметтердің қаншалықты рас екенін нақтылау үшін, еліміздің Отбасы мәселелері жөніндегі уәкілетті өкілі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Снежанна Имашеваға хабарластық. Уәкілетті өкіл бағдарламадағы кейбір мәліметтер шындыққа сәйкес келмейтінін жеткізіп, ҚР ІІМ ұсынған деректерді ұсынды. Солардың бірқатарына тоқталып өтсек.

Қазақстанда әр төртінші адам өлтіру қылмысы отбасында жасалады — фейк

Снежанна Имашеваның мәліметінше, ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда әрбір төртінші адам өлтіру қылмысы отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясында жасалады деген мәлімдеме шындыққа сәйкес келмейді.

«Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы 6 айында Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде (СДТБТ) отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 32 адам өлтіру және 4 адам өлтіруге оқталу фактісі тіркелген. Ал осы кезеңде ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша аяқталған қылмыстық өндірістердің жалпы саны 289, ал адам өлтіруге оқталу фактілері бойынша 71 болған» — деді ол.

Осылайша, ағымдағы есепті кезеңде тіркелген адам өлтіру және адам өлтіруге оқталу қылмыстарының әрбір оныншысы (360 істің 36-сы) отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған.

«Ал 2025 жылы барлығы 494 адам өлтіру және 123 адам өлтіруге оқталу фактісі тіркелген. Оның ішінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 80 адам өлтіру және 22 адам өлтіруге оқталу оқиғасы болған. Демек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша тіркелген адам өлтіру және оған оқталу қылмыстарының шамамен әрбір алтыншысы (617 істің 102-сі) ғана отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған», — деп түсіндірді Снежанна Имашева.

Қазақстанда әрбір үшінші отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық болады деген рас па?

«Бұл мәлімдеме ресми мемлекеттік статистикаға емес, құқық қорғаушылар мен әлеуметтанушылардың зерттеулеріне негізделген. Ресми түрде «әрбір үшінші отбасында зорлық-зомбылық болады» деген көрсеткішті тіркеу мүмкін емес. Себебі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, әсіресе психологиялық және экономикалық зорлық-зомбылықтың басым бөлігі жасырын (латентті) күйінде қалып, құқық қорғау органдарына жетпейді», — деп түсіндірді маман.

Ол, сондай-ақ, «Қазақстандағы әрбір үшінші отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қандай да бір түрі кездеседі» деген тұжырымды қазақстандық құқық қорғау ұйымдары, дағдарыс орталықтары және БҰҰ сарапшылары кеңінен қолданады. Бұл мәліметтер анонимді іріктемелі әлеуметтік сауалнамалардың нәтижелеріне негізделгенін атап өтті.

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық деңгейі бойынша көш бастап тұрғаны рас па?

«Ресми статистикада мұндай деректер жоқ. Бұл мәлімдеме жекелеген әлеуметтік зерттеулердің нәтижелеріне негізделуі мүмкін. Алайда мұндай тұжырымды ресми статистика ретінде көрсету дұрыс емес. Егер халықаралық деңгейде мойындалған Women, Peace and Security Index (WPS) («Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» индексі) көрсеткіштеріне сүйенсек, Қазақстан дәстүрлі түрде Орталық Азия елдерінің көпшілігіне қарағанда жоғары орын алады, сондай-ақ қауіпсіздік жағынан Ресейден де жоғары рейтингке ие», — деді ол.

Қазақстан әйелдердің барлығы кемінде бір рет сталкингке немесе харассментке ұшырайды — жалған

«Сталкинг Қазақстан заңнамасында дербес қылмыстық құқық бұзушылық құрамы ретінде 2025 жылдың тамыз айынан бастап ғана енгізілді. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы 6 айында осы бап бойынша 154 қылмыстық іс өндірісі аяқталған. Ал 2025 жылы мұндай санаттағы аяқталған қылмыстық істер тіркелмеген», — делінген уәкіл ұсынған мәлімдемеде.

Оның айтуынша, еліміздегі әйелдер саны 10,5 миллионнан асатынын ескерсек, келтірілген статистика «Қазақстандағы әйелдердің барлығы дерлік сталкингке ұшырайды» деген мәлімдемені растамайды және мұндай тұжырымның асыра айтылғанын көрсетеді.

Жұмыс орнындағы харассментке қатысты деректер

Қазақстанда ұзақ уақыт бойы жұмыс орнындағы харассментке қатысты бірыңғай ресми статистика жүргізілген жоқ, себебі Қылмыстық кодексте мұндай әрекетке қатысты жеке бап болмаған.

«БҰҰ Әйелдер құрылымының (UN Women) Қазақстандағы салалық зерттеуіне сәйкес, сауалнамаға қатысқан әйелдердің 20%-дан 40%-ға дейінгісі жұмыс орнында харассменттің немесе өзіне қатысты жағымсыз мінез-құлықтың әртүрлі түрлеріне тап болғанын айтқан. Алайда бұл көрсеткіш «Қазақстандағы барлық әйелдер осындай жағдайға тап болады» деген мәлімдемені растамайды», — делінген Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары ұсынған хабарламада.

Варламовтың статистикасындағы қателер қандай?

Қазақстанда жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан кемінде 80 әйел көз жұмады, ал 2023 жылы шамамен 80 әйел қаза тапты деген рас па? Бас прокуратураның Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінің (СДТБТ) мәліметіне сәйкес, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында әйелдерді өлтіру фактілері бойынша аяқталған қылмыстық істердің саны:

  • 2025 жылы – 55;
  • 2024 жылы – 42;
  • 2023 жылы – 53;
  • 2022 жылы – 51;
  • 2021 жылы – 59;
  • 2020 жылы – 36.

Осылайша, Илья Варламов келтірген «жыл сайын кемінде 80 әйел қаза табады» деген мәлімет ресми статистикаға сәйкес келмейді.

Қазақстанда әйелдерді өлтіру көрсеткіші 1 миллион тұрғынға шаққанда шамамен 4 жағдайды, ал Ресейде 6 жағдайды құрайды деген рас па?

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес:

Инфографика: NoFake.kz.

Осы мәліметтерге сәйкес, соңғы 5 жыл ішінде Қазақстанда тұрмыстық саладағы әйелдерді өлтіру көрсеткіші 1 миллион тұрғынға шаққанда 3 жағдайдан аспаған.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық істердің 16%-ға өсуі заңнаманың өзгеруіне байланысты ма?

Иә, ол шындық. Бұл ең алдымен заңнамалық өзгерістер мен қылмыстық статистиканы есепке алу тәртібінің өзгеруіне байланысты. Тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке қайта енгізуге қатысты заңнамалық түзетулер қабылданғаннан кейін «Ұрып-соғу» және «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» баптары қайтадан ҚР Қылмыстық кодексіне енгізілді.

«Соның нәтижесінде бұрын әкімшілік құқық бұзушылық ретінде тіркеліп, айыппұл немесе ескерту түріндегі жаза қолданылған істер енді қылмыстық құқық бұзушылық ретінде есепке алына бастады. Сондықтан қылмыстық істер санының өсуі, ең алдымен, оқиғалардың нақты санының күрт артуынан емес, олардың құқықтық саралануының өзгеруінен туындады», — делінген хабарламада.

Сонымен қатар, ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы 6 айының қорытындысы бойынша елімізде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 7,5%-ға азайған. Ал тіркелген қылмыстар саны 20,6%-ға артқан, бұл жоғарыда аталған заңнамалық өзгерістердің нәтижесі болып табылады.

Түйін

Илья Варламовтың бағдарламасында келтірілген статистикалық деректер мен мәлімдемелердің бірқатары ресми статистикамен расталмайды. ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия ұсынған мәліметтерге сәйкес, қоғамда жиі айтылатын кейбір көрсеткіштер халықаралық зерттеулердің нәтижелеріне немесе әлеуметтік сауалнамаларға негізделгенімен, оларды ресми статистика ретінде көрсету дұрыс емес. Ал қылмыстық құқық бұзушылықтар санының өсуі көбіне заңнамадағы өзгерістермен және құқықтық саралау тәртібінің жаңаруымен байланысты. Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбындағы кез келген статистикалық мәліметті жариялар алдында оның ресми дереккөзін тексеру маңызды.

Оқу үшін