NoFake

32 млн теңге қаржы иемденген: Ақтөбеде жалған тур сатқан агенттік басшысы ұсталды

Фото: pixabay.com

Ақтөбеде полиция басқармасы туристік агенттік басшысына қатысты алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр, деп хабарлайды Nofake.kz.

Ведомство мәліметінше, 37 жастағы туристік агенттік жетекшісі туристік сапарлар ұйымдастыру және жолдамалар сату сылтауымен азаматтардан ақша қаражатын қабылдаған. Алайда ол өзіне алған міндеттемелерін орындамай, салдарынан клиенттер ақысын төлеген туристік жолдамаларынан да, қаражаттарынан да айырылған.

«Қазіргі таңда полицияға 70-тен астам азаматтан арыз түскен. Алдын ала есеп бойынша келтірілген материалдық шығын көлемі 32 млн теңгеден асады. Бүгінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы мен жәбірленушілердің нақты саны анықталады», — делінген полиция хабарламасында.

Тәртіп сақшылары азаматтарға туристік қызметтерді сатып алу кезінде сақ болуға шақырады. Әсіресе, азаматтар туристік компанияның беделі мен қызметінің заңдылығын мұқият тексеру, келісімшарт талаптарымен толық танысқаннан кейін ғана қол қою және төлем жасаған кезде міндетті түрде төлемді растайтын құжаттарды сақтау қажет.

   

Оқу үшін