NoFake

«282 млн теңге сақталды»: Қазақтелеком интернет алаяқтықпен қалай күреседі

Фото: Depositphotos

«Қазақтелеком» АҚ мен киберполиция интернет-алаяқтықтың алдын алып, тек тамыз айында азаматтарды 282 млн теңге шығыннан сақтап қалған, деп хабарлайды Nofake.kz.

«Қазақтелеком» АҚ мәліметінше, компания киберполиция бөлімшелерінің күдікті белсенділікті анықтау және жедел әрекет ету бойынша бірлескен жұмысты қолға алған. Осылайша, компания интернет-алаяқтықтың алдын алуға мүмкіндік алған.

«Нәтижесінде интернет-алаяқтық бойынша тіркелген қылмыстық істердің саны 14,8%-ға азайған. Атап айтқанда, көрсеткіш 17,2 мыңнан 14,6 мыңға дейін төмендеген. 2026 жылғы тамызда киберполиция 2 749 өтінішті қараған. Осылайша, 2 738 абонентке қатысты алаяқтық әрекеттердің жолы кесілген. Алдын алынған залал көлемі 282 млн теңгені құрады», — делінген хабарламада.

Компания хабарлауынша, бұл ретте полицияның орташа әрекет ету уақыты үш сағат болған. Ал ең жылдам жағдайда сигнал түскеннен бастап ықтимал залалдың алдын алуға дейін небәрі үш минут кеткен.

«Жүйенің тиімділігін Алматы облысында болған оқиға да көрсетеді. «Қазақтелеком» әзірлеген жүйеден түскен сигналдың арқасында киберполиция қызметкерлері алаяқтардың ықпалына түсіп, 13 млн теңгеден астам несие рәсімдеуге көндірілген ер адамның орналасқан жерін жедел анықтаған», — делінген хабарламада.

Компанияның мәліметінше, мұндай өзара іс-қимыл күдікті әрекеттерді ерте анықтап, азаматтардың қаржылық шығынын болдырмауға бағытталған.

Оқу үшін