17 қараша: әлемде интернет өшіп, банк шоттарындағы ақша жойылып жатыр ма?

Коллаж: NoFake.kz
Соңғы бір айға жуық уақыт әлем бойынша әлеуметтік желілерде 17 қарашада жаһандық апат болатыны туралы ақпарат жаппай тарады. Интернеттің өшуі, банк шоттарындағы ақшаның жойылуы, тіпті Илон Масктың зымыранымен бірге бөгдеғаламшарлықтардың Жерге келуі туралы қауесеттер көпшілікті алаңдатты. Болжанған күн келді. Әлемде не болып жатыр және бұл ақпараттар қайдан шықты? NoFake.kz редакциясы шолу жасады.
Қауесеттер қалай тарады?
Ақпараттық дүрбелең қазан айының соңында күшейді. Алдымен Ұлыбритания билігінің тұрғындарды төтенше жағдайларға дайындалуға шақырған мәлімдемесі әлеуметтік желілерде бұрмаланды. Кейбір қолданушылар мұны елдің соғысқа немесе ауқымды апатқа дайындалып жатқанының белгісі ретінде қабылдаған. Алайда редакция тексергендей, ақпарат төтенше жағдайларға әзірліктің жалпы шаралары туралы болған.

Көп ұзамай X желісінде 17 қарашада әлемдік кибершабуыл жасалып, интернет үш айға өшетіні, банк шоттарындағы ақша жойылатыны туралы болжам тарады. Редакция бұл мәлімдемені де тексеріп, оны растайтын ресми дерек таппады.
Қазақстандықтар арасында да алаңдаушылық күшейіп, Threads қолданушылары азық-түлік, су мен дәрі-дәрмек жинауға шақыра бастады. NoFake.kz сауалына жауап берген Төтенше жағдайлар министрлігі шұғыл қор жинауды қажет ететін қауіп туралы ресми ескерту болмағанын хабарлады.
Осы аралықта Илон Масктың ғарыш кемесі Жерге бөгдеғаламшарлықтарды алып келгені туралы ақпарат тарады. Тексеру барысында SpaceX миссиясы мен Аляска аспанындағы белгісіз нысан туралы видеоның екі бөлек оқиға екені анықталды.
17 қарашада әлемде не болып жатыр?
Бүгінгі күнге дейін жаһандық блэкаут туралы болжам расталған жоқ. Дегенмен 16 қарашада АҚШ-тың бірнеше ірі банкінде төлемдер мен аударымдарға қатысты техникалық ақаулар тіркелді.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, JPMorgan Chase, Bank of America, US Bank және Wells Fargo клиенттері қызметтердің жұмысындағы ақауларға шағымданған.
JPMorgan Chase өкілі мәселенің бағдарламалық қатеден туындағанын мәлімдеді.
«Мәселенің кибершабуылға қатысы бар екенін көрсететін ешқандай дәлел жоқ», – деп түсіндірді банк өкілі Reuters агенттігіне.
Банктің хабарлауынша, клиенттер шоттары мен қаражаттарына қол жеткізе алған. Кейбір аударымдардың өңделуі ғана кешіккен. Демек, АҚШ-тағы нақты техникалық ақауды желідегі жаһандық кибершабуыл туралы болжаммен байланыстыруға негіз жоқ.
Ал Еуропада да 17 қарашаға қатысты жалған ескертулер тараған. Италиялық Sky TG24 телеарнасы үш күндік блэкаут туралы қауесеттің АҚШ-тағы ескерту жүйесінің жоспарлы сынағы мен Еуроодақтың төтенше жағдайларға дайындық жөніндегі кеңестерін бұрмалаудан шыққанын жазды.
Франциялық TF1 журналистері кейбір жалған жарияланымдарға телеарнаның логотипі қойылғанын анықтаған. Сонымен қатар криптовалютаға қатысты аккаунттар банк шоттарынан ақшаны шешіп алып, оны криптовалютаға аударуға шақырған. TF1 мәліметінше, Францияда 2027 жылдың екінші жартысында энергетикалық дағдарысқа арналған оқу-жаттығу жоспарланған. Алайда ол нақты электр қуатын өшірусіз, штабтық жаттығу түрінде өтеді.
Адамдар мұндай қауесеттерге неге сенеді?
Белгілі бір күні ауқымды апат болады деген болжамдар бұрын да тараған. Мәселен, 2012 жылы 21 желтоқсанда ақырзаман болады деген қауесет әлем жұртшылығын алаңдатқан еді. NASA арнайы түсіндірме жариялап, бұл болжамның ғылыми негізі жоқ екенін мәлімдеген.
Мұндай ақпараттың жылдам таралуына оның эмоциялық әсері ықпал етеді. Массачусетс технологиялық институтының (MIT) 2018 жылғы зерттеуіне сәйкес, Twitter желісінде жалған жаңалықтардың қайта жариялану ықтималдығы шынайы ақпаратқа қарағанда 70%-ға жоғары болған. Ғалымдар бұған ақпараттың тосындығы мен адамдардың оны өзгелермен бөлісуге бейімділігі әсер етуі мүмкін екенін атап өткен.
Осылайша, 17 қарашаға қатысты қауесеттер шынайы оқиғалар мен расталмаған болжамдардың араласуынан кең тараған. АҚШ банктеріндегі техникалық ақаулар болғанымен, олардың жаһандық кибершабуылмен байланысы дәлелденген жоқ. Ал әлемдік блэкаут туралы болжамды растайтын дерек әзірге жоқ.


