Зейнетақы аударымын төлемеген жағдайда кімдердің шоттары бұғатталады- түсіндіреміз

Әлеуметтік желіде «2026 жылдан бастап ай сайын зейнетақы төлемеген азаматтардың шоттары бұғатталады» деген ақпарат кең таралып, көпшілікті алаңдатты. nofake.kz/ бұл өзгерістердің кімдерге қатысты екенін түсіндіреді.

Аталған қаулыға сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін талаптар тек жұмыс берушілерге, жеке кәсіпкерлерге, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, жеке практикамен айналысатын тұлғаларға және интернет-платформалар арқылы қызмет көрсететін азаматтарға қолданылады. Яғни зейнетақы жарнасын өзі төлеуге міндетті тұлғаларға ғана әсер етеді.
Қарапайым жұмысшы үшін ештеңе өзгермейді: ол бұрынғыдай қосымша төлем жасамайды, есеп жүргізбейді, зейнетақы жарнасын оның орнына жұмыс беруші аударады. Сондықтан қызметкерлердің шоттарының бұғатталуы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.
Зейнетақы жарнасы қалай есептеледі
Жаңартылған талаптарға сәйкес, 2026 жылдан бастап міндетті кәсіби зейнетақы жарналары қызметкердің Салық кодексінде көрсетілген барлық айлық табысынан есептеледі. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін мамандар үшін бұл жарналарды жұмыс беруші өз есебінен төлеуге міндетті. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жеке кәсіпкерлер жарналарын өздері есептеп, ай сайын, келесі айдың 25-іне дейін БЖЗҚ-ға аударып отыруы тиіс. Сондай-ақ платформа операторлары (мысалы, курьерлік қызметтер, онлайн-тaksi жүйелері) өз сервисінде қызмет көрсететін азаматтар үшін төлем агенті ретінде әрекет етіп, жарнаны аударуға жауапты болады.
Шоттың бұғатталуы тек зейнетақы жарнасын өзі төлеуі тиіс тұлғаларға қатысты. Егер олардың міндетті немесе кәсіби зейнетақы жарналары бойынша қарызы алты айлық есептік көрсеткіштен (2026 жылы 25 950 теңге) асып кетсе, мемлекеттік кірістер органы бес жұмыс күнінде хабарлама жібереді. Егер қарыз бұл хабарлама жіберілгеннен кейін 10 жұмыс күні ішінде өтелмесе, борышкердің банктік шоттарындағы барлық шығыс операциялары тоқтатылуы мүмкін. Бұл механизм қызметкерлердің карталарына қолданылмайды.
Осылайша, 2026 жылдан бастап зейнетақы жарналарын төлеу тәртібі жаңарады, бірақ бұл өзгерістер көпшіліктің алаңдауына себеп болатын жағдай емес. Әлеуметтік желілерде тараған ақпараттар толық емес болғандықтан, көпшілік «барлық азаматқа бірдей шот бұғатталады» деп түсініп қалған. Шын мәнінде, өзгерістер тек зейнетақы жарнасын өзі төлеуге міндетті тұлғаларға қатысты, ал қарапайым қызметкердің табысына немесе шоттарына әсер етпейді.
Егер ай сайынғы жалақыңыздан қандай сомалар ұсталып жатқанын түсінбей қалсаңыз немесе зейнетақы жарналары қалай есептеліп жатқанын білгіңіз келсе, сіз жұмыс берушіден сұрап, нақты ақпарат алу құқығына иесіз. Ал жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жарналарын уақытылы аударып отырғаны жөн.


