NoFake

Берік Уәли 400 млн теңгеге жиһаз алды деген қауесетті жоққа шығарды

Фото: ortcom.kz

Биыл жазда бірқатар қазақстандық БАҚ-та Абай облысының әкімдігі 410 миллион теңгеден астам сомаға кеңсе жиһазын сатып алуды жоспарлап отыр деген ақпарат жарияланған еді. Көпшілік бұл жиһаз облыс әкімі Берік Уәлидің жеке кабинеті үшін алынады деп ойлаған. Алайда әкім бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтып, мәліметтің бұрмаланғанын түсіндірді, деп хабарлайды nofake.kz/.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысының әкімі Берік Уәли 400 миллион теңгеден астам сомаға кеңсе жиһазын сатып алу жөніндегі конкурсқа қатысты тараған қауесеттерге пікір білдірді. Оның айтуынша, жарияланған ақпарат шынайы жағдайды толық көрсетпеген.

«Берік Уәли өзіне жиһаз сатып алып жатыр» деген ақпарат шынымен тарады. Шынын айтсам, мен де сатып алу сомасын алғаш рет БАҚ арқылы білдім. Бұл – 671 мемлекеттік қызметкердің жұмыс кабинеттеріне арналған жиһаздар. Олардың қатарында үстелдер, шкафтар, орындықтар және басқа да қажетті бұйымдар бар. 2024 жылы бұл сатып алу жеті рет жарияланған, бірақ әр жолы конкурс өтпей қалды. Мен әкім болып келгенде конкурс қайта жарияланды, ал кейбіреулер мұны мен бірінші кезекте өзіме 400 миллион теңгеге жиһаз сатып алғалы жатыр деп түсіндірді. Нақты айтайын: бұл сатып алудағы бір де бір бұйым — үстел де, орындық та — менің кабинетіme арналмаған», – деді Берік Уәли.

Әкімнің айтуынша, жиһазды жаңарту қажеттілігі шынымен бар. Облыс құрылғаннан бері мемлекеттік қызметшілер ескі жиһаздарды пайдаланып келеді, тіпті кейбірі өз үйлерінен әкеліп қойған. Берік Уәлидің сөзінше, сатып алу процесі оның бастамасымен тоқтатылған, ал алдағы уақытта әр мемлекеттік орган өз жиһазын жеке сатып алатын болады. Дегенмен, ол мемлекеттік қызметшілерге қолайлы еңбек жағдайын жасау үшін жиһазды жаңарту бәрібір қажет екенін атап өтті.

Оқу үшін