«Соғысқа кетіп бара жатқан қазақстандықтар» — дипфейк

Скрин: Видеодан
Әлеуметтік желілерде өздерін Украинадағы соғысқа аттанып бара жатқан қазақстандықтармыз деп таныстырған адамдардың жалған видеосы тарап жатыр, деп хабарлайды nofake.kz/.
Аталған видеоны жариялаған парақша — шетелдік пабликтердің бірі. Видео бетіндегі мәтін де қазақ тілінде жазылмаған. Профильде нақты дерек не автор туралы мәлімет жоқ, тек эмоциялық мазмұндағы саяси роликтер бар. Ең күмәндісі — биодағы сілтемені бассаңыз, ол ұсталған немесе бұғатталған телефон сататын Telegram-парақшаға тап боласыз. Бұл алаяқтық немесе трафик жинау мақсатындағы байланыс болуы мүмкін.
Видеода адамның беті мен ерін қозғалысы табиғи емес, дыбыс синхрондалмаған. Фон мен жарықта сәйкессіздік байқалады — бұл дипфейк немесе жасанды интеллект арқылы өңделген видеоға тән белгілер.
Бірақ дипфейкке мән беріп жатқандар аз, жалған видеоға 2 мыңнан астам адам жігіттердің амандығын тілеп пікір жазған, 13 мыңға жуық «лайк» жинаған.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес, шетел мемлекеті аумағындағы қарулы қақтығысқа немесе әскери әрекеттерге жалдамалылық белгілері болмаған жағдайда әдейі заңсыз қатысқан азамат (ҚК-нің 172-бабы) бес жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасымен жауапкершілікке тартылады.


