Бразилияда аспаннан «бақа жауды» — видео ЖИ-мен жасалған

Иллюстрация: nofake.kz/
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Бразилияның шалғай қаласында көктен бақа жауып, тұрғындарды шошытқан жалған видео тарады, деп хабарлайды nofake.kz/. Аталған видеоны отандық медиа парақшалар да жаппай бөлісті.
Кадрда көшеде жатқан бірнеше бақа көрсетіліп, авторлар жағдайды Библиядағы оқиғамен байланыстырып, «Фараон, бізді құтқар!» деп айғайлайды. Эмоциялық мазмұн мен апокалиптикалық риторика видеоны жылдам вирустап, көпшілікті сендірген.
Алайда бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Бразилияның ешбір ресми органы, жергілікті әкімдік немесе беделді БАҚ мұндай оқиға туралы хабарламаған. Егер елдің бір аймағында расымен жаппай «бақалар жаңбыры» болса, ол міндетті түрде ұлттық деңгейде талқыланар еді. Тексеріс нәтижесі көрсеткендей, видео — жасанды интеллектпен жасалған фейк контент.
Бейнежазбада ЖИ-генерацияның айқын белгілері байқалады: нысандардың пішіні бұрмаланған (мысалы, Бразилия құрамасының футболкасы дұрыс рендерленбеген), аудио мен видео сәйкес келмейді — ер адам сөйлеп тұрса, әйел дауысы естіледі. Бұл — жасанды өңдеудің классикалық белгілері.
Айта кетейік, табиғатта сирек те болса ұсақ су жануарларын құйын көтеріп, кейін басқа жерге жаудырған жағдайлар болғаны ғылыми тұрғыдан расталған. Бірақ дәл осы видео мен оның сюжеттік желісі — табиғи құбылыс емес, дезинформация. Видео адамдарды адастыру және әлеуметтік желілерде резонанс тудыру мақсатында жасалған.


