NoFake

Парацетамол мен кетоналды ішкен адам «өліп кетуі мүмкін» — фейк

Коллаж: nofake.kz/

Желіде белгілі нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаевтың кетонал мен парацетамол туралы айтқан сөзі әлі де қызу талқыланып жатыр. De.Media-ға берген сұхбатында дәрігер бұл препараттарды ұзақ уақыт қолдану бауыр мен бүйрекке зиян тигізуі мүмкін екенін айтқан.

nofake.kz/ тілшісі нейрохирургпен байланысып, маманнан «қандай ғылыми зерттеулерге сүйеніп, мұндай мәлімдеме жасадыңыз» деп сұрады. Маманның айтуынша, желіде тараған бейнероликте оның пікірі контекстен жұлынып алынған.

«Ол сұхбатта біз кейбір науқастарда ота жоспар бойынша емес, басқаша аяқталуы мүмкін деген тақырыпты қозғадық. Соның ішінде кетонал, кетопрофен дәрілеріне де тоқталдық. Олар нейрохирургиялық хаттамада ауырсынуды басатын бірінші препарат болып саналады. Бұрын бұл дәрілердің орнына тромадол деген препарат қолданылатын, қазір ол есірткі препараты қатарына енді. Ал, кетоналдың ресми нұсқаулығын ашсаңыз, дәрілік препарат әр 12 сағат сайын ғана берілуі тиіс деп жазылып тұр. Яғни, күніне бір таблеткадан артық ішуге тыйым салынады. Одан көп мөлшерде пайдаланылса оның бүйректі «отырғызатын» кері әсері бар. Кетонал дәрігерлердің бақылауынсыз тағайындалады, демек оны кез келген адам ауырған жағдайда, ауырсынуды басу үшін пайдалана береді», — деді нейрохирург.

Ол сондай-ақ көпшілік арасында қызу талқыланып жатқан парацетамол препаратына да тоқталды. Оның сөзінше видеодағы тақырып бұрмаланып көпшілікті адастырған. Нейрохирург парацетамолды тек шамадан артық мөлшерде қолданған кезде ғана ағзаға зиян келтіретінін жеткізген.

«Парацетамолдың шекті дозасы күніне 20 таблетка, 10 г-нан кем емес. Бөлімшеде бір науқас бізге айтпай бір қорап парацетамол алып, ешкімге көрсетпей ауырған кезде ішіп отырған. Сөйтіп бауыр анализінің көрсеткіштері нашарлап, тіпті бауыры істен шыққан жағдай болды. Сол сияқты цитрамон деген дәрінің құрамында парацетамол бар. Бас сақинасы бар адамдарды оны көп ішеді. Бұл дәріні де шамадан тыс көп ішсе, бауырға зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан бұл жерде кез келген дәріні өкіртіп іше беруге болмайды, ол асқынуға әкеледі, мен осындай пікір айттым. Осындайдан сақ болыңыздар дегім келген. Ал, тек кетонал ішсең бүйрегің істемей қалады деген дұрыс емес, жалпы кез келген дәріні артық қолдану ағзаға кері әсерін тигізеді және бұл факт», — деп сөзін қорытындылады маман.

Оқу үшін