Той жасауға қарсы топ туралы дипфейк тарады

Скриншот
Инстаграм желісінде koniltv деген аккаунт жасанды интеллектің көмегімен құрастырылған дипфейк жариялады, деп хабарлайды nofake.kz/
Видеода музыкалық аспап ұстаған, Мемлекеттік Туды көтерген және «Той болмасын. Халық шаршады», «Шыгынга тоқта!» деген жазуы бар плакат ұстаған адамдар тобы қала ішінде жүріп келеді. Алғаш қарағанда бұл — шынайы митинг сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ мұқият байқасаңыз, бірнеше белгі күмән тудырады: адамдардың қозғалысы мен көз қимылы табиғи емес, сөйлемдерде грамматикалық қателер бар.
Дипфейк жарияланған Koniltv парақшасының профилінде «жай ғана қызық парақша, жасанды интеллектпен видео жасаймыз» деп жазылған. Бірақ дәл осы дипфейкке «Масқара. Сіздер қалай ойлайсыздар?» деген тақырып қойып, оқырманды талқылауға шақырады. Материалды дайындап жатқан сәтте 7 жарым мың адам пікір жазып, көбі ЖИ көмегімен жасалған видеодағы талаппен келіскен, тойға қарсылық білдірген. Аз ғана адам мұның ЖИ екенін байқаған.
Біз «Коммуналдық қызмет тегін!» деген плакат ұстаған адамдардың қатысуымен жасалған дипфейк туралы да жаздық. Оны Threads желісінде tek_shyndyk_kz деген аккаунт иесі таратқан еді.


