Желіде сауда министрінің дипфейкі пайда болды: видео ЖИ-мен жасалған

Скрин с видео
Желіде сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің бейнесін «жандандырып» көрсеткен жасанды интеллект арқылы жасалған видео кең таралып жатыр, деп хабарлайды nofake.kz/.
@new_kazahstan0 атты әлеуметтік желі қолданушысы нейрожелі көмегімен жасалған роликті жариялаған. Кадрларда министрдің келбетімен жасалған виртуалды кейіпкер «Уақытты қайтарыңдар» деген жазуы бар плакаттардың арасында тұр. Келесі сәтте ол орнынан асығыс кетіп қалады.
Видеоның негізі ретінде Арман Шаққалиевтің Сенатта сөйлеп тұрған сәті алынған. Бейненің жасанды екенін бірнеше белгі аңғартады: ракурс өзгергенде бет пішіні сәл бұрмаланады, ал плакаттағы «М» әрпінің үстінде нейрожелінің өңдеуден өткізгенін білдіретін табиғи емес із байқалады.
Жариялаған автор видеоны жасанды интеллект арқылы әзіл-сықақ мақсатында жасағанын атап өткен. Оның парақшасында нейрожелі арқылы жасалған осындай басқа да видеолар бар.
Айта кету керек, мұндай видеолардың саны интернетте күн санап көбейіп келеді. Қазіргі технологиялар адамның түр-сипатын және дауысын айнытпай салатын жалған суреттер мен видеоларды оңай жасауға мүмкіндік береді. Мұндай материалдар көбіне көрерменді адастыру, қоғамдық пікірді манипуляциялау, қоғам және танымал тұлғаларды қаралау, фейк немесе арандатушылық контент тарату мақсатында қолданылады.


