Алаяқтар Қаржылық мониторинг агенттігі қызметкері кейпінде хабарласып жатыр

Алаяқтар азаматтарға Қаржылық мониторинг агенттігінің «заңгер» немесе «тексеруші маманы» ретінде хабарласып, «Сіздің ұйымға қатысты тексеру басталды» деген мазмұнда жалған хабарлама таратып отыр. Қаржылық мониторинг агенттігі ведомство мұндай хат жолдамайтынын және телефон арқылы жеке дерек сұрамайтынын, шот нөмірін, SMS-код пен құжаттарға қатысты құпия ақпарат талап етпейтінін ескертті.
Алаяқтық схема қалай жүзеге асады
Алаяқтар ҚМА мен ҰҚК атынан жалған хат таратып, белгілі бір қызметкерге мінездеме беруді сұрайды. Сонымен қатар, сізге қатысы бар ұйымның басшысы немесе есепшінің атынан WhatsApp-қа жазады, тіпті олардың фотосуретін пайдаланды және аты-жөнін атайды. Адамдар бұған сеніп қалуы мүмкін.
Хабарлама кейде мемлекеттік тілде жазылады. Кейін «заңгер» ретінде белгісіз адам қоңырау шалып, арадағы әңгіменің құпия екенін ескертеді де, туыс, балаларға, тіпті құқық қорғау органдарына хабарлауға тыйым салады.
Қысым көрсетеді: бір мезетте жан-жақтан қоңырау шалғанда адам бойын үрей билейді, салдарынан ойланбай әрекет етеді. «Шұғыл банкке жет, біз айтқан нұсқауды бұлжытпай орында» деген талап қояды. Алаяқтардың құрбаны – көбіне психологиялық қысымға тез түсетін, алдануға бейім зейнеткерлер.
Қаржылық мониторинг агенттігінің кеңесі
Егер сізге алаяқ хабарласса: ең алдымен сабыр сақтап, әңгімені бірден тоқтатыңыз. Түсініксіз сілтемені ашпаңыз. Бейтаныс шотқа ақша аудармаңыз. Жұмыс орнына хабарласып, келген хатты нақтылаңыз. Өйткені алаяқтар көп адам ақпаратты тексермейтініне сенімді. Сондай-ақ, күмәнді нөмірді сақтап алыңыз да, құқық қорғау органдарына хабарлаңыз.



