Алаяқтар Димаш Құдайбергеннің атын жамылып адам алдауға кірісті

Фото: dimashnews.com
Димаш Құдайберген мен оның ата-анасына қатысты инвестициялық жарнамаға негізделген видеолар — жалған. nofake.kz/ порталы әншінің анасы Светлана Айтбаеваға хабарласып, мән-жайды білді.
«Жоқ, ол біз емес. Ол кез келген адамға түсінікті деп ойлаймын. Өкінішке қарай, біздің мемлекетіміз осыған ешқандай шара қолдана алмай отыр ғой. «Қазатомөнеркәсіп», басқасы бар… Міне, маған кеше ғана біреу салық комитетіненмін деп хабарласып: «1414-ке код жібердік, сол кодты тезірек айт»,- деді. Менімен базарда тұрғандай ұрсысып орыс тілінде. Мемлекеттік салық комитетінің қызметкерлері мемлекеттік тілде сөйлейді. Аферисттер екенін бірден білдім»,-деді ол.
Әлеуметтік желіде Димаш Құдайбергеннің дипфейкі тарады. Видеода Димаш «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының белгісіз бір жобасын жарнамалайды. Ал екінші видеода әншінің әкесі Қанат Айтбаев Қазақстан азаматтарына күмәнді жобаны насихаттайды. Қасында анасы Света Айтбаева да тұр.
Жалған видеоларға қатысты Димаш Құдайбергеннің командасы да ресми мәлімдеме жариялады.
«Димаш Құдайберген мен оның отбасы мүшелері ешқандай күмәнді немесе рұқсат етілмеген қаржылық жобаларға қатыспайтыны туралы мәлімдейміз. Сондай-ақ мақсатты жарнамалар мен күмәнді бейнероликтерге де қатысы жоқ.», — делінген хабарламада.
Аталған мәлімдемеде Димаштың шығармашылығы мен қызметіне қатысты нақты әрі шынайы ақпарат тек оның ресми әлеуметтік желілерінде және DimashNews.com сайтында ғана жарияланатыны ескертілген.


