NoFake

Отбасы банк атынан жалған SMS тарап жатыр

Коллаж: NoFake

Әлеуметтік желіде «Отбасы банк» салымшыларына «Баспана кезегі бойынша хабарласып тұрмын, кері байланысқа шығыңыз», «ЭЦҚ кілтіңізді беріп, 10 мың теңге төлесеңіз, сіздің атыңыздан үй кезегіне өтініш беремін» деген SMS хабарлама мен жалған сілтемелер келіп жатқаны айтылуда. nofake.kz/ мән-жайды анықтады.

6 қазанда «Отбасы банк» үй кезегінде тұрған азаматтарға «Мобильді азаматтар базасындағы» (МАБ) жеке телефон нөмірін тексеру қажеттігін ескертіп, хабарлама таратқан. Оған себеп — таяуда қаржы институты кезекте тұрғандар арасында жалдамалы және несиелік тұрғын үйді табыстай бастайды. Сол кезде хабарлама дұрыс жетуі үшін салымшының байланыс нөмірі «Мобильді азаматтар базасымен» сәйкес келуі шарт. Бірақ мұны да алаяқтар пайдаланып жатыр. Мәселен, Instagram желісіндегі ipotekalyk_dariger деп аталатын аккаунт иесі «Отбасы банк» атынан оған жалған хабарлама келгенін айтады.

«Өте сақ болыңыздар, алаяқтар оянды. «Отбасы банктің» ресми сайттарында тұрғын үй кезегінде тұрғандарға инвентаризация жүріп жатыр. Үй кезегінде тұрғандардың дербес дерегіне келісім беріп, оларды тексеру басталған. Соны пайдаланып, алаяқтар үй кезегінде тұрғандарға хабарласа бастапты. Кеше маған мынадай нөмірден хабарлама келді: “Үй кезегінде тұр екенсіз, уақытыңыз жоқ болса, маған ЭЦҚ кілтіңізді беріңіз, сіздің атыңыздан үй кезегіне өтінім беремін, кезегіңізді алға қарай жылжытамын, бар болғаны 10 мың теңге төлейсіз” деген хабарламада. Сондықтан үй кезегінде тұрғандарға үлкен өтініш — сақ болыңыздаршы», — дейді ipotekalyk_dariger.

Постты оқығандар: «Маған да хабарласты», — деп жазды.


«Отбасы банк» 6 қазаннан бері инвентаризация жүргізіп жатқанын растады әрі алаяқтардан сақ болуға шақырады. «Отбасы банк» ешбір салымшыға хабарласып, ЭЦҚ сұрамайды. Азаматтар дербес компьютермен кіріп, жеке өзі өтініш беруі тиіс.

«Отбасы банк» жақын уақытта кезекте тұрғандар арасында тұрғын үйді бөлу басталатынын хабарлады. Кезекте тұрған азаматтар туралы барлық деректі банк мемлекеттік деректер базасынан алады. Мемлекеттік қолдау шаралары әділ болып, шынымен мұқтаж жандарға жетуі үшін кезектегі азаматтарды түгендеу қажет. Сол кезде тұрғын үйді бөлу үдерісі әділ әрі ашық түрде өтеді. Егер азаматтың нөмірі Мобильді азаматтар базасында тіркелмеген немесе ескірген болса, «Отбасы банк» тарапынан жалдамалы немесе несиеге берілетін тұрғын үйді бөлу туралы хабарламаларды жіберіп алу қаупі бар», – делінген хабарламада.

Мобильді азаматтар базасында нөмірді қалай тіркеуге немесе жаңартуға болады?
• eGov Mobile қосымшасына немесе egov.kz сайтына кіріңіз;
• ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) немесе Mobile ID арқылы жүйеге кіріңіз;
egov.kz сайтындағы жеке кабинетте өзіңіздің өзекті телефон нөміріңізді көрсетіңіз, ал eGov Mobile қосымшасында — профильді ашып, өз атыңызды басып, нөміріңізді тексеріңіз. Егер нөмірді өзгертсеңіз, оны 1414-тен келген SMS-код арқылы растау қажет.
• Осыдан кейін сіздің нөміріңіз ЖСН-мен (жеке сәйкестендіру нөмірімен) байланысады және «Отбасы банк» пен мемлекеттік органдардан келетін барлық хабарлама дәл осы нөмірге жіберіледі.

2025 жылдың 24 мамырынан «Отбасы банк» ұлттық даму институты мәртебесін алды. Осыған байланысты тұрғын үйге кезек жүргізу жергілікті атқарушы органдардан (әкімдіктерден) «Отбасы банкке» берілген. Азаматтардың электрондық деректер базасын қабылдау процесі бірнеше айға созылады. Бүгінде банктің қарамағына 647 779 жазба толықтай берілген. Енді кезек тізімі түгенделген соң, тұрғын үйді бөлу процесі басталады, яғни жалдамалы және несиелік тұрғын үйлер табысталады.

Оқу үшін