NoFake

Алаяқ-альфонстың психологиялық портреті

ЖИ ChatGPT

 Бүгінде альфонс-алаяқтардың арбауына түскен қыз-келіншектерді жиі кездестіруге болады. Бірақ ондай азаматтар туралы жиі естісек те, бетпе-бет келгенде олардың шынайы бейнесін аңғара бермейміз. Неліктен? Оларды баурап алатын қандай қасиет бар? nofake.kz/ альфонс-алаяқтың психологиялық портретін анықтады.

Threads әлеуметтік желісінде альфонс-алаяқтармен байланыста болған қыз-келіншектер арасында сауалнама жүргізілді. Бірі өз басынан өткен оқиғасын, енді бірі танысының немесе басшысының тәжірибесін бөлісті.

Бірінші кейіпкердің жазбасында: «Алдымен менің қаржылық мүмкіндіктерімді байқап көрді, содан кейін бизнес ашуға ақша беруге ишара жасай бастады. Кейін тікелей ақша сұрайтын болды. Кейде “көңіл-күйім жоқ” деп, материалдық қиындықтарын сылтаурататын. Содан соң жиі жоғалып, сирек хабарласа бастады. Кейін анасының ауруы мен әкесінің ағасының жерлеуіне байланысты ақша сұрай бастады. Мен оған өз мәселелерін өзі шешсін деп ашық айтқаннан кейін мүлде жоғалды. Қысқасы – жолы ашық болсын!» деп жазады.

Келесі қолданушы былай дейді: «Менде ондай тәжірибе болған жоқ, бірақ бастығымның өмірінде тек сондайлар кездесті. Бастапқыда олар “сенің барлық мәселеңді шешіп беремін” дейтін еркектердің рөлін ойнайтын. Ал кейін қарызға ақша сұрайтын. Әрине, қайтармайтын. Кейде ол кездесуге бара жатқанда жанармай құйған чектің суретін жіберетін. Мейрамханада болса, әмиянын “ұмытып кететін”, төлемді бастығым жасайтын. Қымбат сыйлықтар сұрайтын, денсаулығына шағымданатын – бастығым болса, оған дәрігер мен дәрумендердің ақысын төлейтін».

Мұндай оқиғалар аз емес. Қыз-келіншектердің сезімін өз мүддесіне пайдаланушыларды қалай айыруға болады? Осы сұраққа жауап алу үшін nofake.kz/ Орталық Азиядағы психоанализ институтының директоры Анна Құдияровадан пікір сұрады.

«Альфонстар – бала позициясында қалып қойған еркектер. Барлық баланы аппақ періште деуге болмайды. Әр бала әртүрлі: қу, ашуланшақ, ренжігіш, манипуляцияға бейім. Кейбірінде нарциссизм белгілері кездеседі. Мысалы, “тек мен жақсымын, мені бәрі жақсы көруі керек” деген көзқарастар қалыптасады. Егер оны жақсы көрмей қалсаңыз, ренжиді. Мұндай адам екінші адамды өзіне тәуелді еткісі келеді, психологиялық құл ретінде бағындырғысы келеді. Кейде бала кезінде ата-анасын қорқытып, қалағанын алады – альфонс та дәл солай әйелдің мейірімін пайдаланып, өзіне керек нәрсесін алуға тырысады», – дейді маман.

Анна Құдиярова альфонстардың психологиялық бейнесін былай сипаттайды:
бала позициясында қалған ересек – манипуляцияға бейім, ренжігіш, жыламсырақ;
манипулятор – жанжалмен, жылы сөзбен немесе көз жасымен әйелден өзіне керегін алады;
нарцисс – “мен ғана жақсы болуым керек, бәрі мені жақсы көруі тиіс” деген ұстаныммен жүреді, басқаның сезімін елемейді; жалған “құрбан” рөлін ойнайды – “жетіммін, өмірім қиын болды” деп сенімге кіріп, аяушылық тудырады.

Көп жағдайда альфонстар әйелдің эмоционалды осалдығын дәл табады. Олар жылы сөз, қамқорлық және “мейірімді еркек” бейнесі арқылы сенімге кіріп, кейін материалдық пайда көреді.

Егер ер адам өзін үнемі “жәбірленуші” ретінде көрсетсе, сізге тұрақты эмоционалды қысым жасаса, кенеттен ақша сұрап, жағдайын айтып жанама түрде көмек күтсе, көмектесе алмасаңыз, сізді кінәлі сезіндіргісі келсе, ал “шындық ашылғанда” жоғалып кетсе – демек, ол альфонс болуы мүмкін.

Ондай қарым-қатынастан барынша сақ болыңыз. Сезім мен сенімді пайдаланатын адам – махаббат емес, манипуляцияның шебері.

Оқу үшін