Жаңа кибералаяқтық – алданғанды тағы арбау

Қазір әлемде «алданғанды тағы арбау» деп аталатын жаңа схема белең алып келеді. «Мемлекеттік техникалық қызмет» орталығы сарапшыларының айтуынша, мұндай жағдайлар Қазақстанда да кездеседі, деп хабарлайды nofake.kz/.
Бұл не?
Алаяқтар бұрын кибершабуылдың құрбаны болған адамдарды нысанаға алады. Яғни, олар өз есепшотынан айырылған, жеке дерегі ұрланған немесе ақша жоғалтқан адамдарды қайта алдап, тағы да зиян келтіреді.
Мұндай сәтте адам күйзеліске түсіп, көмек іздейді. Сол сәтті пайдаланып, қылмыскерлер:
- жалған техникалық қолдау қызметін;
- фейк заңгерлік кеңес беретін сайттарды;
- аккаунтқа кіруді қалпына келтіру сервисін;
- ресми ұйымдардың атынан шыққандай көрінетін сайттарды ұсынады.
Салдарынан кәсіпкер қайта алданады – ақша, жеке мәлімет, тіпті, мүлігінен айырылып қалуы мүмкін. Мұндай жағдайлар Қазақстанда да тіркеліп отыр. Алаяқтар көбіне әлеуметтік желідегі жарнамалар арқылы әрекет етеді.

Қалай сақтануға болады:
- Көмек ұсынған сайт пен байланыс нөмірі ресми ме, соны тексеріңіз.
- Тек ресми ұйымдарға жүгініңіз.
- Егер құжаттарыңыз немесе аккаунттарыңызға қатысты фишинг (интернет арқылы жасалатын шабуылдардың бірі) күдігі болса, KZ-CERT ұйымына Incident@cert.gov.kz поштасы арқылы хабарласыңыз.
- Интернет-алаяқтық жағдайында тек ресми Антифрод-орталығының сайтында өтініш қалдырыңыз: https://npck.kz/antifrod-tsentr/
Антифрод-орталық пен мемлекеттік органдар азаматтарды осылай қайта алдауға кіріскен алаяқтар туралы хабардар етіп, алдын алу шараларын күшейтуді ұсынады.


