Қытай Қазақстанның ішкі нарығын жаулап жатқан жоқ

Коллаж nofake.kz/
Жақында отандық сайттардың бірі «Қытай Қазақстанның ішкі нарығын барған сайын көбірек «жаулап жатыр» деген тақырыпта материал жариялады.
Бұл ақпарат қаншалықты рас екенін анықтау үшін nofake.kz/ тілшісі Қаржы министрлігіне ресми сауал жолдады.
Министрліктің ресми өкілі Гүлжан Калменова қытай компанияларының қазақстандық нарықты «жаулап жатыр» деген мәліметті жоққа шығарды.
«2024 жылғы 1 қыркүйек пен 2025 жылғы 1 шілде аралығында елімізде тіркелген қытайлық компаниялардың жалпы саны – 46. Олардың саны өзгермеген», – деді маман.
Яғни, соңғы бір жылда Қазақстанда қытайлық компаниялардың үлесі де, саны да артпаған.
Экспорт азайып, импорт көбейген
Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық қарым-қатынастағы өзгерістер негізінен сауда айналымына байланысты. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының шолуында екі ел арасында экспорт азайып, импорт көбейгені көрсетілген.

Сауда теңгерімі
2023 жылдан бастап Қазақстан–Қытай саудасы тапшылық аймағына өтті.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында тапшылық $1,8 млрд-қа жетті (2024 жылдағы $0,4 млрд-қа қарсы).
Қытайдың рөлі
Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. 2025 жылдың 1-жартысында ҚХР үлесі жалпы сауда айналымының 22,6%-ын құрады.
Импорт үлесі – 28,6% (өскен),
Экспорт үлесі – 17,8% (төмендеген).
Экспорт
Экспорт түсімдері 10%-ға қысқарды. Бұған мұнай мен металл бағасының төмендеуі және Қытайдың сұранысының азаюы әсер еткен.
Минералды өнімдер: –$599 млн
Металдар: –$408 млн
Өскен бағыттар: мал және өсімдік өнімдері (+$164 млн), көлік құралдары (+$160 млн).
Импорт
Қытайдан импорт 22,8%-ға өсіп, $8,3 млрд-қа жетті.
Негізгі өсім: көлік құралдары (+$1,2 млрд), металдар (+$279 млн), химия өнімдері (+$231 млн).
Сондай-ақ азық-түлік, жиһаз, құрылыс материалдары мен тұрмыстық тауарлар жеткізілімі артқан.
Металлургияға әсері
Қытайдың металдарға сұранысы азайып (–4%), бұл қазақстандық металлургия өндірістерінің жүктемесі мен экспорттық кірісіне тікелей ықпал етті.
Қорыта айтқанда, «Қытай Қазақстанның ішкі нарығын жаулап жатыр» деген ақпарат негізсіз. Соңғы бір жылда елде тіркелген қытай компанияларының саны өзгермеген – 46. Ал тауар айналымындағы теңгерімсіздік Қытай тарапынан тікелей компаниялар келуімен емес, импорттың өсуі мен экспорттың қысқаруынан туындап отыр.


