Мәдениет және ақпарат министрлігі дипфейкпен күреске ЖИ қолданады

Коллаж nofake.kz/
Еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі дипфейк пен интернеттегі заңсыз контентке қарсы жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын енгізіп жатыр. Бұл туралы вице-министр Евгений Кочетов Мәжілісте «Әлеуметтік салада жасанды интеллекті қолдану» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде мәлімдеді.
Оның айтуынша, ЖИ-ге негізделген жүйелер алаяқтық схемаларды — жалған дауыс пен видео, яғни дипфейкті анықтайды. Қазір желіде заңсыз контент көбейді, сондықтан мемлекет жедел әрі тиімді әрекет етуі қажет.
Министрлік жалған ақпаратты автоматты түрде танитын және дипфейкті анықтайтын цифрлық бастамаларды іске асыруда. Солардың бірі — ЖИ негізінде жұмыс істейтін «МЕРГЕН» жүйесі, ол интернеттегі есірткі сататын ресурстарды бақылап, бұғаттауға бағытталған.
Сонымен қатар, дипфейкті анықтай алатын LLM-модель де бар. Бұл технология ақпараттық кеңістікте құқықбұзушылық белгілерін анықтап, оларды автоматты түрде бұғаттауға мүмкіндік береді.
Құқықтық мониторинг жүйесі де жетілдіріліп, бақылауға алынатын тақырыптар ауқымы кеңейіп отыр. ЖИ алгоритмдері заңсыз контентті сараптап, оны уақтылы анықтап, жою процесін автоматтандырады.


