Депутат Мұқаев өзіне қатысты қызметтік тексеріс басталғанын жоққа шығарды

Депутат Дәулет Мұқаев Мәжілісте үстінен қызметтік тексеріс жүріп жатыр деген ақпаратты жоққа шығарды. Соңғы күндері әлеуметтік желілер мен кейбір ақпарат құралдарында Дәулеттің «Декретке миллионмен» курсына қатысты депутаттық корпуста тексеріс басталғаны жайлы жазылды.
«Парламентте мені тексеріп жатқан ешкім жоқ. Мен сабақтарымда әрдайым «Алаяқтық жасамаңдар, өтірік жеке кәсіпкерлік ашпаңдар, заң алдында жауап бересіңдер» деп айтып келемін. Мен ешкімді заң бұзуға шақырған жоқпын. Тек заңды мүмкіндіктерді түсіндірдім. Ал оны қалай пайдалану әр адамның өз жауапкершілігі. Курсты біреу дұрыс пайдаланады, ал өзгесі айласын асырып, заңды айналып өтпек болады. Кейбір адамдар пәленбай кәсіпкерлік ашып, делдал болып жүр. “Жиырма жерде жұмыс істеймін” дейді. Менің сабағымда олай істе деп айтылған жоқ. Керісінше,“Тек нақты жұмысыңыз болса ғана жеке кәсіпкерлік ашыңыз, ал егер жұмысыңыз да, кәсібіңіз де жоқ болса, бұл сабақ сізге арналмаған” деп талай рет ескерткенмін», — деп жауап берген депутат.
Оқиға неден басталды?
«Qazpress.kz» әлеуметтік парақшасында Qaz365.kz порталының Todayinfo агенттігіне сілтеме жасай отырып жасаған ақпараты тарады. Онда Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевқа қатысты ішкі тексерістің басталғаны жазылған.
Жуырда Ақтөбе қаласында «алаяқтық» жасады деп күдікке ілінген екі есепші 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу дерегіне сүйенсек, олар жүкті әйелдерді декреттік төлем алуға көмектесеміз деп алдап, мемлекетке 98 миллион теңге шығын келтірген. Екі айыпталушы да кәсіби есепші әрі жеке кәсіпкерлер. Олар болашақ аналарды жеке кәсіпкер ретінде тіркеп, бірнеше ай көлемінде әлеуметтік аударымдар жасап, кейіннен қомақты көлемде декреттік төлем рәсімдеуге жәрдемдескен.
Алаяқтыққа барған есепшілердің бірі қомақты қаржыны заңды түрде алу тәсілін «Декретке миллионмен» онлайн курсынан оқып білгенін айтқан. Ал бұл курстың авторы — Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев. Осыдан кейін кейбір бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі қолданушылары депутатқа қатысты тергеу басталғаны жайлы хабар тарата бастады.
Сондай-ақ Fake.kz редакциясының тілшісі ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінен депутатқа қатысты қандай да бір тексерістің бар-жоғын анықтау үшін сұрау салды. Агенттіктің ресми өкілі Ержан Тайжан: «Қазіргі уақытта Дәулет Мұқаевқа қатысты ешқандай тексеріс жүргізіліп жатқан жоқ және оның үстінен ешқандай шағым түспеді», — деп мәлімдеді.


