Астана мектептерінде маска тағу міндеттелмеді — Білім басқармасы

Фото: Gov.kz
Мектеп чаттарында 25 қарашадан 11 желтоқсанға дейін оқушылар мен мектеп қызметкерлері медициналық маска тағуға міндетті деген хабарлама тарады, деп хабарлайды NoFake.kz.
Хабарлама авторлары санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің 2026 жылғы 20 қарашадағы № 04-946 қаулысына сілтеме жасаған. Олардың жазуынша, маска тағу талабы осы құжат негізінде енгізілмек.
Қалалық білім басқармасы аталған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
«Барлық мектепте оқу процесі штаттық режимде жүріп жатыр», – деп хабарлаған басқарма.
Астана мектептерінде 25 қарашадан бастап медициналық маска тағу міндеттеледі деген ақпарат жалған.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада ЖРВИ мен тұмау маусымдық сипатта көбейгенін жазған едік. 21 қарашадағы жағдай бойынша елорда ауруханаларында осы диагноздармен 313 адам ем алып жатқан. Олардың 220-сы – бала. Қала ауруханаларында қосымша төсек-орын ашылғанын әкімдік хабарлаған.


