Астанада жүргізуші куәлігін алғаш алатындар теориялық емтиханды онлайн тапсыра алады

Фото: Depositphotos
Астанада жол жүрісі қағидалары бойынша теориялық емтиханды қашықтан тапсыруға мүмкіндік беретін пилоттық жоба іске қосылды. Әзірге бұл қызмет елордада тұрақты тіркеуі бар, жүргізуші куәлігін алғаш рет алатын тұрғындарға қолжетімді, деп хабарлайды NoFake.kz.
«Өтінім беру үшін eGov Mobile қосымшасындағы «ХҚКО қызметтері» бөлімінен «Теориялық емтиханды онлайн тапсыру» қызметін таңдау керек. Үміткердің автомектепті бітіргені туралы жарамды куәлігі мен медициналық анықтамасы болуы қажет»,-делінген ІІМ хабарламасында.
Тексеру аяқталып, қызмет ақысы төленген соң, үміткердің жеке кабинетіне емтиханға кіруге арналған сілтеме келеді. Сілтеме 30 күн бойы жарамды. Осы уақыт ішінде тестті кез келген күні сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін тапсыруға болады.
Емтиханда 40 сұраққа жауап беруге 40 минут беріледі. Сынақтан өту үшін кемінде 32 сұраққа дұрыс жауап беру керек.
Емтихан тапсыру үшін веб-камерасы мен микрофоны бар компьютер немесе ноутбук, қосымша камера ретінде қолданылатын смартфон және тұрақты интернет қажет. Автоматты бақылау жүйесі үміткердің жеке басын тексереді, бейне мен дыбысты, экрандағы әрекеттерді жазып алады. Ереже бұзылса, жүйе оны тіркейді.
Теориялық емтиханнан өткендер практикалық емтиханға жазыла алады. Теориялық сынақты бұрынғыдай мамандандырылған ХҚКО-да да тапсыруға болады.


