NoFake

Банкроттық барлық несиеден құтқара ма — Заңда не жазылған

Банкроттық барлық несиеден құтқара ма — Заңда не жазылған

Фото: Depositphotos

Әлеуметтік желілерде банкроттық рәсімі арқылы банктер мен микроқаржы ұйымдары алдындағы қарыздан құтылуға болатыны туралы ақпарат таралып жүр. Алайда банкрот деп танылған азаматтың барлық кредиті кешіріле ме? Қарызды есептен шығару үшін қандай талаптар орындалуы керек? NoFake.kz Банкроттық туралы заңға үңіліп, Мемлекеттік кірістер комитетінен мәлімет сұратты.

Банкрот болса, барлық кредит кешіріле ме?

Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттығы 2023 жылғы 3 наурыздан бастап қолданылады. Рәсімнің тәртібі «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңмен реттеледі. Аталған заңға сәйкес, банкроттықтың соттан тыс және сот арқылы жүргізілетін екі түрі бар. Рәсім аяқталғаннан кейін азамат заңда белгіленген міндеттемелерден босатылады. Бірақ бұл барлық қарыз ешбір шартсыз кешіріледі дегенді білдірмейді.

Мемлекеттік кірістер комитетінің редакция тілшісіне берген мәліметіне сәйкес, Қазақстанда 99 874 адам банкрот деп танылған. Олардың арасында бірнеше кредиторға берешегі бар азаматтар басым.

«Банкрот болған адамдардың ішінде бір ғана ұйымға қарызы бар азаматтар саны 50-ге де жетпейді. Яғни банкроттыққа келген азаматтардың басым бөлігінде екі, үш және одан да көп кредитор алдында қарыздары бар», – деп түсіндірді комитет.

Қандай қарыздар кешірілмейді?

Заңда банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін де сақталатын міндеттемелер қарастырылған. Олардың қатарына алимент төлеу, адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу және заңда көрсетілген өзге де міндеттемелер жатады. Сондықтан азаматтың банкрот деп танылуы оның барлық қаржылық жауапкершіліктен толық босатылғанын білдірмейді.

400 мың өтініштің бәрі неге мақұлданбаған?

Банкроттық туралы заң күшіне енгеннен бері электрондық жүйеде 400 мыңға жуық өтініш тіркелген. Алайда бұл көрсеткішті банкроттыққа жүгінген азаматтардың нақты санымен шатастыруға болмайды.

«Кейбір азаматтар техникалық ақаулықтарға байланысты бір мезгілде екі өтініш жіберіп қойған. Бұған дейін банкроттық шарттарына сәйкес келмегендіктен бас тартылғандар да қайта өтініш берген. Заң күшіне енген кезде оның талаптарын оқымай, «банкроттыққа берсе, қарыз кешіріледі екен» деген сыбысты ести сала өтініш бергендер де болды. Сондықтан 400 мың өтініш 400 мың азаматқа тең емес», – делінген комитет жауабында.

Ведомствоның түсіндіруінше, өтінішті қабылдамауға тек банкроттық рәсімін қолдану талаптарына сәйкес келмеу негіз бола алады. Демек, тіркелген өтініштер саны мен банкрот деп танылған азаматтардың арасындағы айырманы бас тартылған адамдардың саны деп есептеу дұрыс емес.

Комитет ұсынған мәліметке сәйкес, банкроттық рәсімінде тіркелген ең жоғары берешек 2 млрд 400 млн теңгеге жеткен. Алайда бұл ақшаның қанша несие бойынша жиналғаны белгісіз.

«Бұл азаматтың қанша кредитордан қарыз алғаны бізге белгісіз. Банкроттыққа жүгінген кезде кредитор ретінде тек бір ұйым көрсетілген. Бұл ұйым қарызды өндіріп алуға құқығы бар ұйым», – деп хабарлады МКК.

Ведомство аталған соманың толық есептен шығарылғанын нақтыламады.

Банкрот болғандар не үшін несие алған?

МКК дерегінше, банкроттыққа жүгінгендердің басым бөлігі тұтынушылық кредиттер мен микрокредиттер бойынша берешек жинаған. Дегенмен азаматтардың ақшаны қандай мақсатқа жұмсағаны туралы толық статистика жоқ.

«Адамның қарызы туралы ақпарат жеке деректерге жатады. Сол себепті бізге банкроттық рәсімін жүргізуге қажетті мәліметтер ғана беріледі. Атап айтқанда, несие шартының нөмірі мен күні, өтелмеген қарыз сомасы, соңғы төлемнің күні мен мөлшері көрсетіледі. Ал қарыздың не үшін, кім үшін және қандай мақсатта алынғаны туралы ақпарат болмайды», – деп түсіндірді комитет.

Сондықтан бір кредитті екіншісімен жапқан немесе өзге адамның өтінішімен несие рәсімдеген азаматтардың нақты саны белгісіз.

Банкроттықа кімдер ұшыраған?

Банкрот деп танылған 34 176 азаматтың берешегін өтемегеніне бес жылдан асқан. Бұл жалпы банкроттардың шамамен 34%-ына тең. Комитет ұсынған мәліметке сәйкес, банкроттардың орташа жасы – 39 жас. Ең үлкені 83 жаста, ал ең кішісі – 19-да. Олардың 4 095-і әлеуметтік көмек алады, 1 976-сы зейнеткер жасында. Ведомство қалған азаматтарды ресми түрде жұмыс істемейтіндер қатарына жатқызған.

Банкроттыққа ең көп өтініш қай өңірден түскен?

МКК мәліметінше банкроттыққа өтініш беру саны бойынша Алматы облысы алда. Мұнда 56 554 өтініш тіркелген. Ал халық санына шаққанда Қызылорда облысында банкроттыққа жүгінуге ниет білдіргендердің үлесі жоғары. Өңірде 32 011 өтініш тіркелген. Бұл облыс халқының 3,79%-ына тең. Алматы облысында аталған көрсеткіш 3,49%-ға жеткен.

Банкрот деп танылған азаматтардың халық санына шаққандағы үлесі бойынша Алматы облысы бірінші орында. Мұнда 13 396 адам (0,83%) банкрот болған. Қызылорда облысында бұл сан 6 481 адамға (0,77%) жеткен.

Банкроттыққа кімдер өтініш бере алады?

Заңның 5-бабына сәйкес соттан тыс банкроттыққа жүгіну үшін азаматтың банктер, микроқаржы ұйымдары және заңда көрсетілген өзге де кредиторлар алдындағы берешегі 1 600 АЕК-тен аспауы керек. 2026 жылы бұл сома 6 920 000 теңгеден асады. Негізгі талаптар бойынша азаматтың қарызы 12 ай бойы өтелмеуі, меншігінде мүлік болмауы және соңғы жеті жылда банкроттық рәсімінен өтпеуі қажет. Заңда атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен қарызын бес жылдан астам өтемеген азаматтарға жеңілдіктер қарастырылған. Ал 6-бап сот арқылы банкроттық пен төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тәртібін реттейді. Сот арқылы банкроттық, соның ішінде, берешегі 1 600 АЕК-тен асатын немесе мүлкі бар азаматтарға қолданылады.

Банкрот болған соң қандай шектеулер бар?

Заңның 46-бабында банкроттық аяқталғаннан кейін де тоқтатылмайтын міндеттемелер көрсетілген. Олардың қатарында алимент, адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу, қылмыстық құқықбұзушылық салдарынан келген залалды өтеу және өзге де заңда көзделген төлемдер бар.

Сонымен қатар банкрот деп танылған азамат бес жыл бойы банктер мен микроқаржы ұйымдарынан жаңа кредит ала алмайды. Қайта банкроттыққа жүгіну үшін жеті жыл өтуі керек. Ал қаржылық жағдайы үш жыл бойы бақылауда болады. Демек, банкроттық арқылы кредиттерді есептен шығару мүмкін. Бірақ ол үшін заң талаптарына сай келіп, тиісті рәсімнен өту қажет. Әлеуметтік желілерде айтылатын «барлық кредит кешіріледі» деген ақпаратты осы шарттарды ескермей қабылдауға болмайды.

Оқу үшін