Алматыдағы «белгісіз инфекция» туралы жазбаларға денсаулық басқармасы түсінік берді

Фото: magnific.com
Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы балалар арасында «белгісіз вирус» тарап жатқаны туралы жазбаларға жауап берді. Басқарма ауруханаға жүгінгендер санының артуын ЖРВИ мен тұмаудың маусымдық өршуімен байланыстырды, деп хабарлайды NoFake.kz.
Әлеуметтік желіде алматылық ата-аналар балалардың жұқпалы аурулар ауруханасында бос орын қалмағанын айтып, қабылдау бөлімінде кезек күткен адамдардың фотоларын жариялаған. Жазбалардың бірінде дәрігердің қарауын бір мезетте 50 адамға дейін күтіп отырғаны айтылған.

Басқарманың мәліметінше, 1–20 қараша аралығында қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының қабылдау бөлімдеріне 14 166 өтініш түскен. Осы кезеңде 2 773 бала ауруханаға жатқызылған. Қалған 11 393 балаға қабылдау бөлімінде медициналық көмек көрсетілген.
Қазан–қараша айларында ауруханаға жатқызылғандардың 52,8 пайызына ЖРВИ, 14,9 пайызына пневмония диагнозы қойылған. Басқарма жауабында жаңа инфекция анықталғаны туралы мәлімет келтірілмеген.
«2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда балалар арасындағы сырқаттанушылық құрылымында елеулі өзгерістер байқалмайды. Респираторлық және басқа да инфекциялардың маусымдық өршуі жыл сайын қайталанатын сипатқа ие», – делінген басқарма хабарламасында.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, әсіресе түнде, емханалар жабық кезде ата-аналар балаларын бірден ауруханаға әкеледі. Мұндайда дәрігерді күту уақыты ұзаруы мүмкін. Қабылдау бөлімінде инфекционист дәрігерлер тәулік бойы кезекшілік етеді. Алдымен жағдайы ауыр балаларға көмек көрсетіледі. Ауруханада қосымша 67 төсек-орын ашу жоспарланған. Сонда орын саны 360-тан 427-ге дейін көбейеді. Басқарма қазіргі уақытта қанша орын бос екенін нақтыламаған.


