Өзіне-өзі дене жарақатын салған: ҚазҰУ желіде тараған қыздың оқиғасын растады

Фото: farabi.university
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өзіне дене жарақатын салған студент қыздың қазіргі жағдайы туралы NoFake.kz редакциясына түсініктеме берді.
Университеттің баспасөз қызметі студенттің жедел жәрдемді өзі шақырғанын хабарлады. Оқу орны білім алушының ата-анасымен байланыста екенін және оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын мәлімдеді.
«Медициналық құпия мен заң талаптарына байланысты аурухана тарапынан бізге науқастың жағдайы туралы толық мәлімет берілген жоқ. Біз студенттің ата-анасымен тығыз байланыстамыз. Олардың айтуынша, қазір білім алушының жағдайы бірқалыпты», – делінген ҚазҰУ баспасөз қызметінің редакциямызға берген жауабында.
Университеттің мәліметінше, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын құзырлы органдар анықтап жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Threads әлеуметтік желісінде ҚазҰУ студентінің өзіне дене жарақатын салғаны туралы ақпарат тараған болатын. Алматы қалалық полиция департаменті оқу орындарының бірінде студент қыздың өзіне жеңіл дене жарақатын салу фактісі тіркелгенін растады. Оған медициналық көмек көрсетілген. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.


